Перейти к содержимому
Главная страница » Аулаңызды таза ұстаңыз!

Аулаңызды таза ұстаңыз!

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде елдімекендерді абаттандырудың жаңа қағидалары күшіне енеді. Жаңа талаптарға сәйкес, тұрғындар өз үйінің аумағын таза ұстауға міндетті.

Енді үй маңына қоқыс жинап қоюға, ауланы күтіп ұстамауға немесе өсіп кеткен шөпті уақытылы ормауға жол берген азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заң талаптарын бұзғаны үшін 130 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Осыған байланысты Ұйғыр ауданында абаттандыру қағидаларын тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіруде. Сонымен қатар азаматтарға өз ауласын, үй маңын және қоғамдық орындарды таза ұстаудың маңыздылығы, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастау, арамшөптерді уақытылы ору, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Абаттандыру қағидаларының негізгі мақсаты – елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құру. Таза әрі ұқыпты аула тек жеке үйдің ғана емес, тұтас ауылдың келбетін айқындайды. Сондықтан әрбір азамат өз үйінің ауласын, қоршау маңын және іргелес аумақты ұқыпты ұстап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы қажет.
Тазалық – өркениетті қоғамның басты құндылықтарының бірі. Ол адамның мәдениеті мен жауапкершілігінің, туған жерге деген құрметінің айқын көрінісі. Елдімекендердің тазалығы әрбір тұрғынның азаматтық борышы екенін ұмытпаған жөн. Заң талаптарын бұлжытпай орындау арқылы біз тек әкімшілік жауапкершіліктен сақтанып қана қоймай, туған өлкеміздің көркеюіне, экологиялық ахуалдың жақсаруына және келешек ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыруға өз үлесімізді қоса аламыз.
Таза аула – жайлы өмірдің, қауіпсіз ортаның және мәдениетті қоғамның берік негізі.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы