Алматы қаласында Қазақстан-Таиланд бизнес-форумы өтті. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан мен Таиланд бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Биыл Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі ел арасында саяси, экономикалық және мәдени тұрақты байланыс орнаған. Ал соңғы жылдары Алматы облысы мен Таиланд Корольдігі арасындағы сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар қарқын алуда. Қазақстан-Таиланд бизнес-форумында сөз алған аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев биыл өңір делегациясы Таиландта өткен THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, бірқатар туристік ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойғанын жеткізді. Өз кезегінде Марат Елеусізұлы екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ауқымды шараның алда жаңа мүмкіндіктер алаңына айналарына сенім білдірді.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 15,3 млн АҚШ долларын құрады. Алайда екі тарап арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктері қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Алматы облысы Тайланд инвесторлары үшін кең мүмкіндік ұсынады. Таиланд нарығын астық пен майлы дақылдар, ұн, ет өнімдері экспорты бойынша кеңейтуге дайынбыз. Сонымен қатар Алматы облысында инвесторлар үшін бірегей артықшылықтар бар. Өңірдің қолайлы географиялық орналасуы, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтары, қуатты аграрлық әрі өнеркәсіптік әлеуеті, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған жан-жақты мемлекеттік қолдау, осының бәрі жаңа бастамаларға берік негіз қалайды. Қазақстан мен Таиландтың экономикалық мүмкіндіктерін, тәжірибесі мен іскерлік әлеуетін тиімді ұштастыру өзара тиімді жаңа жобаларды жүзеге асыруға, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел арасындағы серіктестікті сапалы жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп сенемін», – деді Марат Елеусізұлы.
Облыс әкімі өз сөзінде аймақтың өзіндік мүмкіндігін де мысалға келтірді. Бүгінгі таңда өңірдің инвестициялық портфелі жалпы құны 7,8 триллион теңгеден асатын 270-тен астам жобаны қамтиды. Бұл жобаларды іске асыру заманауи өндірістерді, жаңа жұмыс орындарын құруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Соңғы жылдары облыс әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетуде. Жалпы өңірлік өнім 2 есеге өсіп, 6,7 трлн-ға жетті. Облыс экономикасына 3,7 трлн теңге тартылды. Ірі инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Өз кезегінде форумға қатысушылар сөз алып, сауда-экономикалық кооперацияны одан әрі кеңейтуге, бизнес-қоғамдастықтар арасындағы байланысты жандандыруға және Қазақстан-Таиланд ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған бірлескен инвестициялық жобаларды саралады.
Ерзат АСЫЛ


