Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзінің Instagram парақшасында адам баласының жасаған әр ізгі ісі құрбандық құндылықтарына негізделгенін баршаға паш етеді.
«Құрбандық құлшылығы мал шалумен ғана шектелмейді. Түсініп, ғибрат алған адамға басқа құлшылықтар секілді құрбандықтың да адам мінезін тәрбиелеуде айрықша орны бар. Әсіресе эгоизм барынша насихатталған мына заманда құрбандық бізді көпшілдікке, өзге үшін қымбатымызды қиюға тәрбиелейді», – деп жазады Қайрат Жолдыбайұлы.
Сондай-ақ, дінтанушы ізгілік атаулының бәрі құрбандық құндылықтарына жататынын айтады.
«Мысалы, кейде адам көңілі үшін алтын уақытыңды бөліп, бірге уақыт өткізудің өзі құрбандыққа жатады. Өзіңе қанша жерден тиімсіз әрі қиын болса да берген уәдеңде тұру да – құрбандық. Айтып тастайтын тұста кісі жүрегін жараламау үшін тіліңді тістеп, үнсіз қалу да – құрбандыққа саналады. Ел игілігі үшін өз мүддеңнен бас тартып, кері шегіну, тіпті, кейде ақиқат үшін жексұрын болу да – құрбандық. Есеп айырысып, өш алуға шамаң жете тұра кінәліні кешіре білу де – құрбандық.
«Құранда: «Құрбандыққа шалған малыңның еті де, қаны да әсте Аллаға жетпейді. Оған жететін тек тақуалық істерің ғана». («Хаж» сүресі, 37-аят.) делінген.
Құрбан айт мүбәрак, дұға-тілек, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Айт күні айналамызға шаттық сыйлап, ата-ана, ағайын-туыстың ризашылығын алуға асығайық!», – дейді дінтанушы.