Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумының салтанатты ашылуында атап айтты.
«Осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналғанын паш етті.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форумда Мемлекет басшысы астанадағы заманауи ғимараттардың бой көтеруіне Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілер еңбек сіңіргенін айрықша атады.
«Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Хан шатыр» кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түсті. Бас қаламыз «Астана опера», «Астана балет» сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылды. Жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді», – деді Қазақстан Президенті.