Талай жыл бойы тозығы жеткен ауыл іші жолдарына жөндеу жұмыстары жасалып, тұрғындардың сан жылғы ұсыныс-тілектері орындалып келеді. Соның бірі ретінде Алматыдан 25 шақырымдай қашықтағы Сақтан ауылының орталық көшесіне асфальт төселгенін айтуға болады. Осыған орай, ауыл тұрғыны Алима Оспанова ел Президентіне алғысын жолдады.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл жолдарының проблемасына баса назар аударған болатын. «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деген еді Президент халыққа Жолдауында. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының арқасында ауылдың ажары ашылып, көркі кіргеніне тұрғындардың үлкен-кішісі тегіс қуануда.
– Сақтан ауылына Алматы қаласынан қоныс аударғанымызға алты жыл болды. Содан бері осы жол мәселесін жыл сайын айтып келеміз. Тұрғындардың дені қалаға қатынап жұмыс істейді. Жауын-шашында аяғымыз батпаққа батса, ашық күндері борпылдақ шаңға көмілетінбіз. Содан да бала-шағаға аяқ киім шақ келмейтін. Осы мәселені айтып 2019 жылы ауыл тұрғындары атынан облыс әкіміне «жолымызды жөндеп берсе» деген хат жолдаған едік. Көп ұзамай жауап алдық. Онда қаржы бөлінетіні туралы айтылған. Алайда сол кездегі коронавирус пандемиясына байланысты карантин басталды, одан кейінгі жылдары облысымыз екіге бөлінді, осылайша көтерген мәселеміз күрмеулі күйде қалып қойған. Сосын биыл тұрғындар жиналып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өтініш хат жолдадық. Нәтижесінде Қазақстан Президенті Әкімшілігінен жағымды жауап алдық. Көп ұзамай, міне, көшелерімізге асфальт төселіп, Құрбан айттың соңғы күндерінде жарқыраған жаңа, тегіс жолмен жүріп айттаудың мүмкіндігі туды. Тұрғындар қуанышында шек жоқ. Қарапайым ауыл тұрғындарының бірауыз өтінішіне құлақ асып, көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына өзімнің және тұрғындардың атынан алғысымды жеткіздім, – дейді Сақтан ауылының тұрғыны Алима Оспанова. Талғар ауданындағы аумағы жағынан ең үлкен Қайнар ауылдық округіндегі 12 елдімекеннің бірі – осы Сақтан ауылы.
– Сақтан ауылында 219 адам, 39 аула тіркелген. Негізінен бейресми тұрғындар саны 300-ден асады. Ұзындығы 2 шақырымдық орталық көшеге асфальт төселгенін тұрғындар біраз жылдан бері күтті. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында осы орталық көшеге асфальт төселді. Жыл басында ауылдың ескі электр бағандары жаңаға ауыстырылды. Алдағы екінші жартыжылдықта орталық көшеге, яғни, 2 шақырым көшені жарықтандыратын 60 бағана қойылады. Мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес мердігер анықталды, бір-екі ай көлемінде жұмыс жасалады, – дейді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Есенбаев.
Асфальт төселгелі үйден ұзамайтын ауыл балалары көшеге велосипед, самокаттарын сүйреп шығып, ауыл ішін мәз-мейрам күйге бөлеуде. Бір-бірімен араласып, ойнап, жаз қызықтарын көңілді өткізе бастағанына ата-аналары қуанып жүр. Бұрынғыдай кедір-бұдыр, ой-шұқыры жоқ, асфальтталған жолмен жүру – үлкендердің де еңсесін тіктеп, жүздерін жадырата түскен. Көшесі көріктенген Сақтан ауылының тұрғындары ендігі кезекте Алматы мен Талғарға, тым болмаса, Құлжа күрежолына жеткізетін қоғамдық көлік пен ауылға газ тарту, мектеп салу мәселесі де ескерілсе деген тілектерін жасырмады.
Ұлбосын Исабек