Елімізде биыл техникалық және кәсіптік білім беру үшін республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс 50 мың орынға ұлғайтылды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжіліс депутаттарының жауабында айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Білімді ұлт» Cапалы білім беру» Ұлттық жобасында 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100 пайыз (2022 ж. – 70%, 2023 ж. – 80%, 2024 ж. – 90%, 2025 ж. – 100%) қамту көзделген. 2023 жылы техникалық және кәсіптік білім беру үшін республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс 50 мың орынға ұлғайтылып, жалпы көлемі 130 мың орынға жетті”, – деген Тамара Дүйсенова жауабында. Министр келтірген дерек бойынша, бұдан бөлек, 2022-2023 оқу жылында әлеуметттік аз қамтылған отбасылардан шыққан 75 мың талапкер тегін біліммен қамтылған.
Дамудың кілті білімде екенін өркениетті елдер тәжірибесі дәлелдеп келеді. Білім-ғылым деңгейі жоғары елдерде білім саласына бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 9 пайызына дейін жетеді. Қазақстанда да кейінгі жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі, тиісінше жоғары, техникалық және кәсіптік білім аламын деуші жастарға арналған мемлекеттік гранттар саны артып келеді.
Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген: оның 73 мыңға жуығы бакалавриат, 13 мыңнан астамы магистратура, 1800-ден астамы докторантура бағдарламасына арналған.
Гранттардың басым бөлігі 18 744-і “Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары” білім беру бағдарлама топтарына бөлінген. Ал “Педагогикалық ғылымдарға” 12 560 грант, “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” саласына 10 103 грант, “Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика” бағытына 7 388 грант қарастырылған.
Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. «Серпін» жобасы арқылы педагогика ғылымдары, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша білім алуға болады.