Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің базасында Алматы облысы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ең үздік білім беру ұйымы-2023» атты облыстық байқау өтті. Оған облыстағы 8 ауданнан 9 оқу орны қатысты. Байқау «Жас маман» жобасына енген колледждердің көрмесімен ашылды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова байқау қатысушылары мен қонақтарды құттықтап, осындай байқауларды өткізудің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының абырой-беделін арттырып, жастар арасында насихаттауда маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай педагогикалық шеберлік сайыстарын өткізу әдемі дәстүрге айналды. Ондағы басты мақсат – техникалық және кәсіптік білім беру мекемлерінің орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету, үздік колледжді анықтау, қолдау және мадақтау. Бүгінгі күні Алматы облысында 40 колледж бар, оның 22-сі мемлекеттік болса, 18-і – жекеменшік.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту саласында ұлттық жобаларды, соның ішінде «Сапалы білім – сауатты ұлт» жобасын жүзеге асыру байыпты жүріп жатқанын атап өтті. Бұл бағдарлама облыстағы колледждерге қатысты 100 пайыз орындалыпты.
– Өткен оқу жылында өңірлердегі кәсіпорындардың тапсырысымен біз мақсатты оқытуға 100 студент қабылдадық. Ал биыл бұл сан екі есе өсіп, 200-ге жетті. Оқу орындарының түлектері 100 пайыз жұмыспен қамтылған, – деді Гүлсара Исмагулова.
Байқаудың бірінші кезеңінде колледждер техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің кәсіби қызмет жетістіктерін айқындайтын портфолиосын қорғады. Қазылар алқасы оны колледждегі басқару жүйесі, оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту, бизнес-қоғамдастықпен өзара әрекеттесуі, экономика қажеттіліктеріне және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес оқытудың, кәсіптік даярлықтың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету, әдістемелік қызметтегі жаңашылдықтың оқу орнын дамытудағы ықпалы, педагогикалық кадрлар мен қосымша қызметкерлер, тәрбие жұмысының өзектілігі, білім беру мазмұнын жаңғырту жағдайында білім беру үрдісін психологиялық-педагогикалық қолдау, колледж бен қоғамның іскерлік байланысы бойынша белгіленген өлшемдер арқылы бағалады.
Екінші кезеңде оқу орындары «Табысты білім беру ұйымының замануи моделін» қорғады.
Байқау ережесіне сәйкес, Облыстық кәсіпкерлер палатасының, кәсіподақ ұйымының өкілдері және өткен оқу жылының жеңімпаз колледжі қазылар алқасының құрамына енгізілген. Байқаудың қазылар алқасы әр білім беру ұйымының екі кезең бойынша ұсынған жұмыстарының мазмұны мен сапасын бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша үш жүлделі орын мен «Иновация шеберханасы», «Жетістік жолында», «Жаңашыл колледж» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.
І орынды – Талғар агробизнес және менеджмент колледжі, директоры Динара Бозымбекова;
ІІ – орынды Шамалған ауылындағы Көпсалалы кәсіптік білім беру колледжі, директоры Гүлнара Такимова;
ІІІ – орынды Талғар политехникалық колледжі, директоры Бақыт Халықова;
ІІІ – орынды Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі, директоры Сәбит Шаймерденов иеленді.
Ал «Иновация шеберханасы» аталымының жеңімпазы деп Бағжан Құдабаев басқаратын Талғар жоғары медицина колледжі танылды. «Жаңашыл колледж» аталымына Қуат Дүйсебаев жетекшілік ететін Шелек политехниклық колледжі ие болды. Қаскелеңдегі Санжар Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледж «Жетістік жолында» аталымының жеңімпазы атанды.
Бас жүлдені Алматы облысының әкімі, ал екінші және үшінші орынның жүлделерін Облыстық білім басқармасы тағайындағанын айта кеткен жөн. Облыс әкімі бас жүлдені Ұстаздар күні мерекесіне арналған салтанатты жиында табыс етпек.
Қалай дегенде де бұл байқаудың облыстың кәсіптік және техникалық білім беру саласы үшін пайдалы болғаны анық. Себебі, педагогтар өзара тәжірибе алмасып, білім беру сапасын арттыру бойынша ой-пікірлерімен бөлісті. Ал қатысушылар болса, білім беру ісіндегі көптеген жақсы тәжірибе және әдіс-тәсілдер жайында бағалы мәліметтер алды.
Жалпы алғанда, ұйымдастырушылар мен байқауға қатысушы педагогтар, олардың жанкүйерлері атап көрсеткендей, мұндай кездесу, байқау-сайыстар саладағы өз ісінің нағыз майталмандарын анықтап, олардың еңбегін бағалауға, басқа әріптестеріне үлгі етуге, жаңа нәрселерді үйренуге көп көмегін тигізеді. Сондай-ақ бұл олардың да өз білімі мен дағдыларын жетілдіруге ынталандырады. Ал ұстаз білімді, тәжірибелі болса – оның алдынан жаман шәкірт шықпайды!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ