Бүгін елімізде төтенше жағдай қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күні атап өтіліп жатыр. Осыған байланысты Алматы облысында салтанатты шара өтті.
Қонаев қаласының орталығына жиналған төтеншеліктерді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтады.
«Дәл осы күні, 28 жыл бұрын Президенттің Жарлығымен егемен еліміздің тарихында тұңғыш рет азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган – Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Сол Комитет бүгінде елімізде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халыққа қорған болатын тұтас министрлікке айналды», – деді тарихқа көз жүгірткен әкім.
Облыс басшысы құтқарушы мамандығының маңызы зор, мәртебесі биік екенін айтты.
«Сіздер өз бастарыңызды қатерге тігіп, өзгелердің өмірін сақтау жолында аянбай еңбек етесіздер. Мұндай игілікті іс ержүрек, қайсар мінезді, антына адал азаматтарға ғана тән. Сондықтан төтенше жағдай саласында қызмет атқарып жүрген әр адам ерекше құрмет пен қошеметке лайық. Кез келген қоғамда құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын!» – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан кейін бірқатар маманға облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ өңірдегі ТЖД-ға 14 қызметтік көліктің кілті табысталды.
Шара Марат Сұлтанғазиев пен құтқарушылардың Д. Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.