Ұйғыр ауданына қарасты шекарада орналасқан Қалжат ауылдық округінде де «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түрлі тақырыптардағы түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Сондай маңызды кездесудің бірі ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысының ұйымдастыруымен «Діни экстремизм – қауіптің бастауы» тақырыбында өтті.
Іс-шара «Сұңқар» шекара бөлімшесінде әскери қызметін атқарып жүрген сарбаздарға арналды. Кездесуге ауыл имамы Д. Саутов қатысып, діни экстремизм мен радикалды ағымдардың қоғамға тигізетін зияны туралы кеңінен айтып берді.
Кездесу барысында сарбаздарға жат діни ағымдардың белгілері түсіндіріліп, олардың қалай әсер ететіні жайлы нақты мәліметтер берілді. Сонымен қатар, мұндай теріс ағымдардың алдын алу жолдары, олардан сақтану тәсілдері және дұрыс діни бағытты ұстанудың маңызы айтылды.
Имам дәстүрлі діннің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, жастарды сабырлылыққа, бірлікке және рухани құндылықтарды құрметтеуге шақырды. Оның айтуынша, дұрыс діни түсінік адамды теріс жолдан сақтайды.
Кездесу ашық форматта өтіп, сарбаздар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ


