Перейти к содержимому
Главная страница » Имандылық – ізгілік негізі

Имандылық – ізгілік негізі

Жуырда Ұйғыр ауданы Тиірмен ауылында «Имандылық – ізгілік негізі» атты маңызды кездесу өтті. Іс-шараға ауыл мешітінің имамы С. Саутов қатысып, жастармен рухани және заң мен тәртіп бағытында әңгіме жүргізді.

Кездесудің басты мақсаты – жастарға имандылықтың маңызын түсіндіру, ұлттық және діни құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ қоғамдағы ізгілік пен рухани тәрбиенің рөлін арттыру, жастардың діни алауыздықтан алшақ болып, эстремизм мен терроризм атты қоғам дертінен бойларын алыс ұстауына жол бермеу.

Шара барысында имандылықтың адам өміріндегі орны кеңінен түсіндірілді. Имандылық – адамды жақсылыққа жетелейтін, оның мінезін қалыптастырып, жүрегін нұрландыратын қасиет екені айтылды. Ислам дінінде иман мен көркем мінез әрқашан қатар жүретіні, шынайы иман иесі адал, мейірімді, сабырлы және әділ болатыны атап өтілді.

Имам С. Саутов қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде адамгершілік пен ізгілікке ерекше мән берілгенін жеткізді. Сонымен қатар, ата-бабаларымыз да имандылықты басты құндылық ретінде ұстанып, ұрпақ тәрбиесінде рухани байлыққа ерекше көңіл бөлгені айтылды.

Кездесу барысында жастар өз ойларымен бөлісіп, сұрақтарын қойып, пайдалы мәліметтер алды. Мұндай кездесулер жас буынның дұрыс бағытта тәрбиеленуіне, олардың бойында адамгершілік пен ізгілік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Сондай-ақ, қоғамда бірлік пен сыйластықты нығайтып, жастарды жақсы қасиеттерге баулуға үлкен үлес қосары анық.

Анар ДҮЙСЕМБАЙҚЫЗЫ

ҰЙҒЫР АУДАНЫ