Ұлттық статистика бюросы әлемдегі урбанизация үрдісі Қазақстанда да байқалатынын мәлімдеді.
2021 жылы жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайызға өсіп, 56,1 пайыздан 61,2 пайызға жетті. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9 пайыздан 38,8 пайызға дейін азайды.
“Қала халқының саны 2,7 млн-нан астам адамға артты. Өткен 12 жыл ішінде қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында байқалды.
Ең қарқынды урбанизацияланған аймақ – Қарағанды облысы, мұннда халықтың 80 пайызы – қала тұрғындары (1 млн-нан астам адам)”, – делінген ведомство дерегінде.
Республикалық маңызы бар қалалар бойынша, санақ кезінде Астанада 1,23 млн адам тұрды, елорда халқы 12 жылда 2 есе өскен. Алматыда халық саны 2,03 млн адамды құрады, мегаполис тұрғындарының саны аталған кезеңде 580,6 мың адамға артты. Шымкент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынды құрап, 381,6 мың адамға өсті.
Айта кетейік, екі санақ аралығындағы кезеңде аталған қалалардың әрқайсысында қосымша бір ауданда құрылды.
Халқы 50 мыңнан 99,9 мың адамға дейінгі қалалар саны 8-ден 14-ке дейін өсті.