Қызылша ауруына шалдыққан қазақстандықтардың дені вакцина алмаған. Бұл туралы бүгін еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмагамбетова мәлімдеді.
«Елімізде қызылшаның таралуы бойынша жағдай күрделі. Жыл басынан бері 11 057 адам қызылша ауруын жұқтырды. Оның ішінде қызылша жұқтырғандардың 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар, 2,7 пайызы жасөспірімдер және 13,8 пайызы ересектер. Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді. Атап айтқанда Алматы қаласында – 2031 адам, Шымкент қаласында – 2026 адам, Жамбыл облысында 392 адам және Алматы облысында – 1111 адам», – деді Айжан Есамағамбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қызылша жұқтырғандардың дені вакцина алмаған.
«Бұл ретте, 60 пайызындда балалар егуден бас тартуына байланысты, 18,3 пайызында – медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21 пайызында егу жасына жетпеуіне байланысты егілмеген. Аурудың алдын алудың бірден-бір шарасы вакцина салдыру екенін ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін балаларды 6 айдан бастап, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға және медицина қызметкерлеріне қосымша вакцина салу жоспарланып отыр», – дейді ол.