Қазіргі таңда Алматы облысының орталығында инфрақұрылымды дамыту үшін бірқатар шаралар қолға алынып, қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осыған байланысты бүгін Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев бірнеше нысанды аралады.
Ең алдымен шаһар басшысы №5 жағажайға барды. Мұнда балалар алаңы, шатыр астындағы кофетерий, уоркаут алаңы, балаларға арналған бассейн, пирс, велосипед жолы салынады. Осы жағажай 60 метрге ұлғайтылып, бизнес нысандарына орын қарастырылған. Бүгінде №5 жағажайда адамдар демалатын шатырлар қойылып жатыр. Жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары 80% аяқталған. Жалпы Қапшағай су қоймасының 5,1 шақырым жағажайы толығымен абаттандырылып, тірек қабырға салынады.
Бұдан кейін әкім 2 жолақтыдан 4 жолақты жолға дейін кеңейтіліп жатқан Сейфуллин көшесіне барды. Көшенің жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайды. Жоба 2024 жылға өтпелі. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 3,4 млрд теңге. Бөлінген қаржыға Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан шағын аудандардың аулалары да абаттандырылмақ (футбол, балалар алаңы және т.б.). Қазіргі таңда жолдың бір бөлігіне 1 және 2-қабат асфальт төселіп жатыр. Мердігер компанияның маманымен тілдескен әкім Нұрлан Құматаев 1 аптаның ішінде көше жолын түгелдей тегістеп, асфальт төсеуді тапсырды.
«Бұл жолға байланысты тұрғындар шағымы да болды. Сондықтан құрылысты бұдан да қарқынды жүргізу қажет. Қызметшілер түнгі ауысымда да жұмыс істеуі керек. Жыл соңына дейін жарық бағаналарын қойып, іске қосыңыздар, тротуар да төселіп бітуі тиіс. Жан-жақты ретке келтіріп, құрылыс қалдықтарын жинаңыздар», – деді Нұрлан Құматаев.
Ал қаладағы кәріз сорғы станциялары 1968-70 жылдары салынған. Бүгінде 90 пайызының тозығы жеткен. Сол себепті нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Шаһар басшысы станцияның құрылыс барысымен танысып қайтты. Аталған жобаның жалпы құны – 14 млрд теңге. Бүгінде республикалық бюджеттен 10 млрд теңгесі бөлінген. Жоспар бойынша ұзындығы 24 шақырым 459 метрді құрайтын 32 жаңа сорғы орнатылады. Қазіргі таңда күрделі жөндеуге 40 адам мен 14 техника тартылған. Әкім Нұрлан Құматаев мердігер компанияға жұмысты тездетуді тапсырды.
Сонымен қатар шаһардың жаңадан қабылданған Бас жоспарына сәйкес, Абай көшесі арқылы Арна және №10 ықшамауданды жалғастыратын жол салынбақ. Жолдың жалпы ұзындығы шамамен 10 шақырым болады. Құрылыс ендігі жылы аяқталады деп жоспарланған. Алайда, әкім мердігер компанияның сылбыр қимылдап жатқанын айтып, жауаптыларды сынға алды.
«Жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Бригадалар мен техника саны өте аз. Осыған дейін де бұл жерге 7-8 рет келдім. Әлі ештеңе өзгермеген. Жолдың қатты қабатын саларда жерасты суына мән беріңіздер. Төселген құм, тас, асфальт – бәрі де шөгіп кетуі мүмкін. Біз сіздермен жұмыс жасаймыз, не компанияны ауыстырамыз. Басқа таңдау жоқ», – деді шаһар басшысы.
Бұдан кейін әкім Нұрлан Құматаев Жеңіс паркіне барды. Саябақ күрделі жөндеуден өтіп, орындықтар қойылған, газон төселіп, жарық бағаналары ауыстырылған, көрнекі дизайнерлік шатырлар, басқа да жабдықтар орнатылған. Шаһар басшысы кем-кетіктерді жөндеп, қараша айы болса да, ағаш егу қажет екенін айтты.
Қала әкімі ендігіде басқа нысандарды аралайды.