Биыл Алматы облысында тіркелу науқаны аясында 98 мыңға жуық тұрғын емханаларын ауыстырды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Оңғарсын Байұзақов пен “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” облыстық филиалы директорының орынбасары Алимбек Тажеков мәлімдеді.
Еске сала кетейік, елімізде қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында жыл сайынғы емханаларға тіркелу науқаны өтті.
“Қазіргі таңда өңірде 444 денсаулық сақтау нысаны бар. Ал, тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмекті 358 нысан көрсетеді. Медициналық қызметтердің сапасын арттыруға халықты тарту және тиімді кері байланыс орнату, тұрғындармен жұмыс істеу жобалары іске қосылды”, – дейді Оңғарсын Байұзақов.
Науқан барысында облыстың 97 943 тұрғыны емхана ауыстырды. Қазіргі таңда облыс бойынша 1 млн 582 мыңға жуық адам емханаға тіркелген.
“Азаматтардың емхана ауыстыру құқығы науқанмен шектелмейді. Заң бойынша, емхананы тұрғылықты мекенжайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, тіркелу емханасы қайта құрылып немесе қызмет көрсетуді тоқтатқанда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар, әр азамат жылына бір рет өз таңдауы бойынша тіркелуге құқылы”, – дейді Алимбек Тажеков.
Айта кетейік, облыс бойынша бүгінгі таңда 354 мемлекеттік және 90 жекеменшік емхана бар.