Бұрнағы жылы Қарадала өңіріндегі қара жолдың бойында Әлмерек абыздың алып ескерткіші бой көтерді. Өткен сенбіде Қарқара жайлауында Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған тағылымы терең рухани шара ұйымдастырылып, ас берілді. Ел үшін күрестің ерлік жолын өнегелеген бабамыздың ұлағатын ұлықтай отырып, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевтың танымдық мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
Қай заманда болмасын, кез келген өміршең халық өз арасынан тарихи тұлғаларын шығарып отыратыны белгілі. Бұл – заңдылық. «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады, Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады» деп Ұлы дала философы Асан қайғы айтқандай, ел тарихындағы маңызды, бетбұрысты, тағдыршешті кезеңдерде жекелеген тарихи тұлғалар өздерінің нақты іс-әрекеттерімен немесе қанатты сөздерімен елдің мәңгі есінде сақталып, қаншама ғасыр өтсе де есімдері ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп тарап, күні бүгінге дейін жетіп отыр.
Этнос, халық та тірі ағза секілді, өсіп, көбейіп отырады. Оның өзін-өзі басқару, өзін-өзі қорғай алу қасиеттері болады. Халықтың өзін-өзі басқару қабілеті – мыңдаған жыл бойы халықпен қатар дамып отырған мемлекеттік басқару жүйесі арқылы жүзеге асырылса, ал өзін-өзі қорғай алу қабілеті – халық тарихымен етене тығыз байланысты болып келетін батырлар институты арқылы дамиды. Қазақ халқының ерте замандардағы терең тарихына бойламай-ақ, бергі хандық дәуірдегі тарихына көз жүгіртсек, сансыз көп батырдың болғанын көреміз. Әсіресе, батырлардың шоғыры XVIII ғасырда көп байқалады. Сол себепті де бұл ғасырды атақты ғалым Шоқан Уәлиханов қазақ тарихындағы «батырлық ғасыр» деп бекер атаған жоқ. Бұл ғасырда батырлардың көп болуының өзіндік себептері де бар. XVIII ғасырдың екінші онжылдығында бір орталықтан басқарылатын және біртұтас Қазақ хандығы Тәуке ханның қайтыс болуынан кейін өз тарихындағы келесі кезең – саяси бытыраңқылық кезеңіне көшкені белгілі. Ол жүз жылдан астам уақытқа созылып, ақыры Қазақ хандығының толықтай өмір сүруін тоқтатумен аяқталады. Тарихта «мемлекеті жоқ елді – жетім ел» деп атайтыны белгілі, ал мемлекеті бар, бірақ орталық билігі жоқ, саяси элитасы бар, бірақ бірлігі жоқ елді жартылай жетім деуге болады. Қазақ елі осы жартылай жетімдікті XVIII ғасырда басынан өткере бастады. Дәл осы жылдардағы Жоңғария тарапынан болған жойқын жорықтардың мақсаты тонаушылық емес, басқыншылық болатын. Ол дегеніміз – қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрғанын көрсетсе керек. Дегенмен, қазақ халқы өзінің өміршеңдігін осы тұста тағы бір дәлелдеді. Орталық билік бар кезде батырлар институтын қалыптастырған қазақ батырлары ханның жарлықтары мен бұйрықтарына сай ел қорғау ісіне араласса, енді хандардың жарлықтарын күтпей-ақ, ел шетіне жау шапқанда намыс пен жігерді ту етіп, өз ру-тайпасынан әскер жиып, жауға қарсы аттанады. Сөйтіп, халықтың тағдыры қыл үстіне тұрғанда батырлар бастаған әлеуметтік топ ел мен жерді қорғап қалады. Сол тұста елі үшін күрескен батырлардың есімдерін өз жұрты ұмытпай, бірінің есімдерін ру-тайпаларына ұран етсе, ал кейбір батырларына арнап жыр-дастандар шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келеді. Сондай батырлардың бірі – ел аузында әрі баба, әрі абыз, әрі батыр, әрі әулие атанған Әлмерек Жаншықұлы.
Тарих ғылымындағы аса маңызды қағидалардың біріне «тұлғаны тану үшін оның өмір сүрген заманын білу керек» деген қағида жатады. Әлмерек бабаның өмір сүрген жылдары белгілі, олай болса, тұлғаны тану үшін оның заманына, яғни XVII ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың орта тұсына дейінгі аралықтағы Қазақ елінің тарихына үңіліп көрелік. Әлмерек бабаның өмір сүрген заманы Қазақ хандығының дәуіріне жатады. Өзінің үш мың жылдық тарихында Қазақ елі бірнеше ірі-ірі тарихи дәуірлерді басынан өткергені белгілі. Сондай дәуірлер қатарына соңғы мыңжылдықта Алтын орда дәуірі, Қазақ хандығы дәуірі жатады. Әрбір тарихи дәуірдің ел тарихында алатын өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері де бар. Уақыт жағынан алғанда бұл дәуірге – XIII ғасырдың басы мен XIX ғасырдың бірінші ширегі аралығы енеді. Ұлттық сипаттағы мемлекетіміз – Қазақ хандығының XV ғасыр ортасында тарих мінберіне көтерілген кезі мен XIX ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысында оның тарих көшінде қалған кезі – «Хандық дәуір» деп аталатын уақыт шеңберіне жатып, үш жарым ғасырлық уақытты қамтиды. Қазақ хандығы дәуірін өз ішінде саяси тарихтың өрбуіне қарай шартты түрде екі үлкен кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңге – хандықтың бір орталықтан басқарылып тұрған жылдардағы кезеңі жатса, Қазақ мемлекетінің бытыраңқылыққа ұшыраған жылдары екінші кезеңді құрайды. Керей мен Жәнібек хандар тұсынан Тәуке хан қайтыс болғанға дейінгі аралық – хандық дәуірдің бірінші кезеңі болса, одан кейінгі жылдары екінші кезеңі басталады. Хандық дәуірдің бірінші кезеңіндегі, яғни XV ғасырдың орта тұсынан XVIII ғасырдың басына дейінгі аралықтағы дәуірді шартты түрде былайша кезеңдеуге болады: хандықтың құрылу кезеңі, хандықтың күшею кезеңі, хандықтың уақытша әлсіреу кезеңі, хандықтың қайта өрлеу кезеңі, хандықтағы «текетірес» кезеңі, жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі, белгісіз жылдар кезеңі және «алтын ғасыр» кезеңі немесе Тәуке хан билік құрған жылдар кезеңі. Тәуке ханнан кейін хандық дәуірдің бытыраңқылық кезеңдері басталады. Оның ішінде «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», шартты түрдегі «Екінші Аңырақай», жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету жылдары бар.
Әлмерек бабаның өмір сүрген жылдарына көз жүгіртсек, онда оның хандық дәуірдің соңғы екі кезеңі мен бытыраңқылық дәуірдің алғашқы төрт кезеңіне сәйкес келетінін көреміз. Енді Әлмерек баба өмір сүрген заман қандай болды деген сауалға жауап беру үшін хандық дәуірдің кезеңдеріне назар салалық. Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейінгі 28 жылдық кезеңде хандық тарихында кімнің тақты иеленгені әлі анықталмаған. Сол себепті де біз шартты түрде осы аралықтағы жылдарды «белгісіз жылдар» кезеңі деп атаймыз. Әлмерек баба өмірінің алғашқы жиырма екі жылдық кезеңі «белгісіз» жылдар кезеңінде өтеді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамының ішкі саяси жағдайына көңіл аударалық. 1652 жылы Жәңгір ханның ұлдары 20 мен 30 жастың айналасында болатын. Ал Шығай әулетінен тараған хан тағына үміткерлердің өзі жетерліктей еді. Шығай ханнан Ондан сұлтан, Тәуекел хан, Есім хан, Шахмұхаммед сұлтан, Әли сұлтан, Сұлым сұлтан, Ибрагим, Шәкім, Көмек, Абылай және Әбусейіт атты ұлдардың тарағаны белгілі. Осылардың әрқайсысында кем дегенде, 4-5 ұл болды дегеннің өзінде таққа үміткерлер саны 40-50-ден асар еді. Ал осылардың әрқайсысында тағы да 3-4-тен ұл болған десек, Жәңгір ханнан кейін тақты иеленуге құқысы барлардың саны 100-150-ге жететін. Тәуке солардың бірі және жас жағынан алғанда кішісі болатын. Жәңгір ханның ағасы Жәнібек ханның ұлдары және інісі Сырдақ сұлтанның өзі немесе ұлдарының да билікті иеленуге толық құқы болды. Өкінішке қарай, сол тұстағы жағдайды көрсететін жазба деректер болмағандықтан, біз нақты тұжырымдар айта алмаймыз.
Ал Шәкәрімнің еңбегіндегі осыған қатысты материалдардан біз Жәңгір ханнан кейін тақ үшін талас-тартыстардың болғандығына көз жеткіземіз. Онда «Жәңгірдің орнына әз-Тәуке хан болғанда, хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді» деп айтылады. Автор бұл дерегін қайдан алғандығын көрсетпесе де, ол өте жеңіл түрде айтылған мәліметке жатады. Тақ үшін, билік үшін таластардың жеңіл болмайтыны белгілі. «Өкпелеп кетті» деген мәліметтің астарына үңілсек, көп жағдайды аңғаруға болады. Күрес, таластар тақ үшін болғандықтан, «өкпелеп кетті» деген сөздің орнына «жеңіліс тауып, қашып кетті» деген сөздерді қосуға болады. А.Левшиннің Тәуке хан туралы келтірген мәліметін осы жерде келтіруге тура келеді. «… Ол (Тәукені айтып отыр. – Б.К.) өзара қырқыстардан кейін халықты тыныштандырды, ол тайпалар арасында бірнеше жылға созылған қантөгістерді тоқтатты, жұрттың бәрін ақылымен және әділдігімен өзіне бағындыра білді…». Шәкәрімнің де, А.Левшиннің де материалдарына тереңірек талдаулар жасау арқылы Тәуке хан билікке келгенге дейін қазақ қоғамында тақ үшін кәдімгідей талас-тартыстардың болғандығын, ру-тайпалар арасында да жанжалдардың өршігендігін көруге болады. А.Левшин осы талас-тартыстың ұзақтығын «бірнеше жыл» деп жазса, біздің ойымызша ол 28 жылға, яғни Жәңгір хан қаза тапқан 1652 жылдан Тәуке хан билікке келген 1680 жылға дейін созылған дейміз. Тек Тәуке ханның билікке келуі мен жүргізген саясаты ғана ел ішіндегі барлық талас-тартыс пен қантөгістерді, бітпейтін дау-жанжалдар мен өзара қырқыстарды тоқтатады. Салыстырмалы түрде алсақ, Тәуке ханға дейінгі 28 жыл бойғы талас-тартыстарға қарағанда Тәуке хан тұсында қалыптасқан бейбіт, тыныш өмір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болып саналады. Ал енді осы 28 жыл бойғы өзара қырқысу кезеңі қазақ елімен көршілес елдердің тарихында, оның ішінде олардың қазақтармен қарым-қатынасында қалай көрініс береді, неге олардың тарихында осы кезеңдегі қазақ хандарының есімдері аталмайды деген сұрақтарға жауаптар іздестіріп көрелік. Осы кезең ішіндегі қазақ-жоңғар қарым-қатынасына назар аударсақ, деректерде екі жақтан да бір-біріне қарсы бағытталған әскери жорықтар, ұрыстар мен шайқастар жөнінде ешқандай мәліметтер айтылмайды. 1653 жылы Батыр қонтайшы қайтыс болғаннан кейін оның үлкен ұлдары мен кіші ұлдары арасында тақ үшін талас-тартыс басталып кетеді де, ол күрес бүкіл жоңғар қоғамындағы белгілі тайшылар мен нояндарды екіге бөліп жібереді. Көп ұзамай билікке кіші ұлдар тобын басқарған Сенге қонтайшы келеді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмайды. Ақыры 1670 жылдың соңына таман Батыр қонтайшының үлкен ұлдары – Цецен тайшы мен Цзотба батыр інілері – Сенгені өлтіреді. Сенгенің орнына таққа отырған оның кіші інісі – Галданның алғашқы саясаты – ағасы үшін үлкен ағаларынан кек алуға бағытталды. Сондай-ақ ол Жоңғариядағы кейбір тайшылардың дербестігін жоюға, ішкі алауыздықтарды реттеуге, жалпы алғанда билікті орталықтандыруға күш салады. XVII ғасырдың 70-жылдарының соңына таман ғана Галдан Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, орталық билікті нығайта алады. Осылайша, ішкі саяси жағдайды ретке келтіргеннен кейін ғана Галдан көрші елдерге көз аларта бастайды. Оның басқа көрші елдерге жасаған жорықтары секілді, қазақтарға жорығы XVII ғасырдың 80-жылдарынан басталады. Бұл кезде қазақ ханы – Тәуке хан болатын. Ал Әлмерек баба болса бұл кезде жиырмадан жаңа асқан жас жігіт еді. Жастайынан діндар болған Галдан Тибеттегі дін басыларының қолдауына сүйеніп, Далай-ламадан Бошақту-хан – «ізгі ниетті хан» атағын алады. 1678 жылы ол Шығыс Түркістандағы саяси дағдарысты пайдаланып, аумақты қиындықсыз бағындырады. Ал 1680 жылдан бастап Галдан Бошақту хан Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның қалалары мен аймақтарына жорықтар ұйымдастыра бастайды. Ол туралы 1722-1724 жылдары Цеван Рабданның ордасына барып қайтқан орыс елшісі Иван Унковский былай деп баяндайды: «Осы тауық жылы (1681) ол (Галдан Бошақту хан) қол ертіп жорыққа аттанып, Сайрамды қоршап алды. Ит жылы (1682) жорықтан қайтып оралып, ол Іле өзенінің жағасында қыстап шықты. Доңыз жылы (1683) тағы да Сайрамға аттанды. Жазда Галданның (әскербасы) Рабтан Сайрамды қиратты». Жоңғарлардың қазақтарға қарсы жасаған бұл ірі жорығы мұсылман авторларының шығармаларында көрініс береді. «Тарих-и амнийа» еңбегінің авторы Мулла Мұса Сайрами жоңғарлардың Сайрамды алуы туралы былай деп баяндайды: «…Біздің аталарымыздан естігеніміз бен жасы келген кәрі адамдардың айтуына қарағанда, осыдан 200 жылдай бұрын қазіргі Моғолстан жеріндегі хан орнына Іледе Құнтаджи (Қонтайшы) деген қалмақ келеді, оның билігі шығыста Комул мен Баркөлге дейін, батыста – Ташкент пен Сайрамға дейін, оңтүстікте – Карангу-Тагқа дейін созылады. Ол кенеттен жорыққа шығып, Ташкент пен Сайрамды басып алып бағындырады да, билікті бір қалмаққа тапсырады. Оның қасына бірнеше қалмақты көмекші етіп қалдырады да, өзі Ілеге қайтып оралады. Сайрамдықтар қалдырылған қалмақтарды өлтіріп, бағынудан бас тартады. Сайрамнан қашып құтылған бірнеше адам Кұнтаджиге келіп, болған оқиғаның бәрін айтып береді. Құнтаджи Ілеге соқпай, Сайрамға қайтып оралып, қаланы екінші рет басып алады да, тұрғындардың бір бөлігін өлтіріп, қаланы талан-таражға түсіреді. Қалмақ басшысы Сайрамның игі жақсы үш тобының әрқайсысынан 20 отбасыдан барлығы 60 отбасын бала-шағасымен, қызметшілерімен Ілеге алып кетеді. Оларды Іледе бір жылдай ұстап, сосын көне Тұрпанға жібереді…». Баяндаудан көріп отырғанымыздай, шығарма авторының арғы тегі сайрамдық, оның ата-бабалары – деректегі 60 отбасының бірі. Дерек мәліметінде айтылғандай, жоңғарларға Сайрамды 2 рет бағындыруға тура келген. Бұл жылдары Тәуке хан билікке жаңадан келіп жатқандықтан, оның жоңғарларға қарсы қояр күші болмаған секілді. Жалпы ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастарындағы ірі соғыстар мен шайқастарға көңіл аударсақ, олардың онша көп болмағанын байқаймыз. Екі жақтан да жекелеген кішігірім ұрыстардың болып тұрғандығын жоққа шығаруға болмайды. Жоңғарлар Сайрам қаласын алып, оны қиратқанымен шабуыл бағытын одан әрі тереңдете алмайды. Оның басты себебі, қазақтар тарапынан қатты қарсылықтардың көрсетілуі жатса керек. Әрине, мұның бәрі Тәуке ханның ұйымдастыруымен болғаны белгілі. Сайрам шайқасынан кейін жоңғарлар Ош пен Андижан түбінде де қатты қарсылыққа тап болады. Галдан Бошакту хан бұдан кейін Шығыс Монғолияның жерін өзіне қарату үшін соғыс жүргізеді. Ақыры ол 1697 жылы наурызда 52 жасында қытай әскерлерінен жеңіліп, өзін-өзі өлтіреді. 1697 жылы Сенгенің ұлы Цеван Рабтан билікке келеді де, қазақ-жоңғар қатынасындағы жағдай күрт өзгереді. Егер де Тәуке ханның билігі тұсындағы екі ел арасындағы қарым-қатынасындағы кезеңдерге бөлсек, онда алғашқы кезеңге – 1680-1697 жылдар аралығын жатқызуға болады. Бұл кезеңде екі жақты қарым-қатынастан бізге белгілісі – 1681-84 жылдардағы Сайрам соғысы ғана. Ал екінші кезеңге – 1698 жылдан Тәуке хан қайтыс болған жылға дейінгі аралық жатады. Осы аралықта тек жоңғарлар тарапынан қазақтарға қарсы 1698, 1711-12, 1714, 1715 жылдары ірі жорықтар жасалады. Жаңа қонтайшының қазақтарға қарсы алғашқы соғысы 1698 жылдың өзінде-ақ басталып кетеді. Цеван-Рабданның қазақтарға жорығы барысында ол қазақ жерінің Шу-Талас өзендері өңіріндегі тұрғындарды қырғынға ұшыратып, он мыңдай адамды тұтқынға алып кетеді. Жоңғарлардың қазақ жеріне шапқыншылықтары бұдан кейін де жалғасады. Екі жақтан болып отырған ұсақ жорықтарды есептемегенде, жазба деректерде жоңғарлар тарапынан 1711-1714 жылдары жаңа соғыстардың болғандығы айтылады. Жоңғарлардың жекеленген өңірлерді ғана тонауға ұшыратқаны болмаса, қазақ елін толық бағындыруға, иеленуге бағытталған жорықтарына Тәуке хан тойтарыс беріп отырады. Тәуке хан тұсында қазақ қоғамында жүргізілген саяси-әкімшілік және құқықтық өзгерістер нәтижесінде қазақ елі өзінің қорғаныстық қабілетін көрсете біледі.
Көптеген қазақ батыры осы кезде ел үшін, жер үшін жан аямай жоңғарлармен соғысады, тіпті кей кездерде өздері бірігіп, жоңғарлардан кек алу үшін оларға қарсы жеңісті жорықтар ұйымдастырады. Олардың қатарында Ұлы жүз Албаннан Әлмерек батырдың болғаны белгілі. Тарихи тұлға Әлмеректің ауыз әдебиетінің материалдарында әрі батыр, әрі абыз, әрі баба деп аталуы оның өмірінің кезеңдерін көрсетсе керек. «Белгісіз» жылдар кезеңінде 20 жастағы сарбаз көптің бірі болса, Тәуке хан заманындағы жоңғарларға қарсы күрестерде әбден ысылған, тәжірибелі сарбаздан тайпаның не жүздің қолын бастар батырға айналады. Тәуке ханнан кейін хандық тарихында орталық билік жойылып, бытыраңқылық дәуір басталады. Қазақ хандығындағы бұл жағдайды солтүстіктегі Ресей де, шығыстағы Жоңғария да жақсы хабардар болып отырды. Қалыптасқан осы жағдайды орыс тіліндегі бір мәлімет былай деп көрсетеді: «…40 мың түтіннен тұратын қазақтарды Әбілқайыр хан басқарады, тағы да Барақ және Әбілмәмбет деген екі ханы бар. Олар Ұлытау мен Кіші тауды, Сыр, Сарысу және Торғай өзендерін, Қарақұм далаларын башқұрттардан бір айлық жерде көшіп-қонып жүреді. Қазақтардың тағы мынадай қалалары бар: басты қаласы – Ташкент, оның билеушісі Жолбарыс хан, Түркістанда Сәмеке хан отыр, Сайрамда Көшек хан билік құрады…». Осы кезден бастап жоңғарлардың жорықтары да күшейеді. Ел мен жерді қорғау ісі көбінесе батырлардың басты міндетіне айналады. Осы кезеңде 60-ты алқымдап қалған Әлмерек батыр өзінің жеке басындағы қасиеттері мен қабілеттерінің арқасында абыз атана бастайды. Қазақ түсінігінде абыз – қазақ қоғамында дін жағынан да, дәстүр жағынан да ең білімді, ең парасатты, ең сауатты адам болып саналған. Әлмерек батырдың осындай қасиеттерге ие болуы, әсіресе, көріпкелдік және ерекше киелі қасиеттері оны батырлығымен қоса, абыз атандырса керек. Ауыз әдебиетінде Әлмерек бабаның асыл қасиеттері туралы көптеген аңыз-әңгіме сақталған. Тіпті, оны қазақтың батырларын тәрбиелеуші, батасын берген деген әңгімелер таралған. Хандық тарихындағы бытыраңқылық кезеңнің «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», деп аталатын оқиғаларында Әлмерек бабаның жасы 60-80-нің аралығында болады. Бұл кезеңде Әлмерек абызға жасының үлкендігіне қарай баба атауы қосыла бастаған секілді. Өйткені баба сөзінің белгілеріне – батырлығымен, қолбасшылығымен, білімділігімен, киелі деп танылуымен, көріпкелділігімен, болжағыштығымен елге танымал болған, жасы ұлғайса да халқына рухани адал қызмет жасаған адамға берілетіні белгілі. Қазақ-жоңғар қатынасы тарихында 1745 жылдан бастап белсенділік қазақтар жағына өтеді де, керісінше Жоңғариядағы саяси жағдайларға байланысты оның қуаты әлсірей бастайды. Осы кезден бастап қазақ жерлерін азат ету ісі жүргізіледі. Бұл кезде Әлмерек баба жасы сексеннен асып, тоқсанға таяйды. Оның батасымен талай батырлар рухтанып, жеңісті жорықтарға аттанады, жауын жеңе бастайды. Әрине, олар өз жеңістерінің барлығын Әлмерек бабаның ақ батасынан деп ұғынады. Сөйтіп халық жадында Әлмерек баба рухымен, батасымен жоңғарларды жеңген тұлға болып саналады. Албан тайпасының ортақ ұранына айналған Райымбек батыр жас шағында Әлмерек бабадан бата алған делінеді ауыз әдебиетінің материалдарында. Қорыта келе айтарымыз, ел аузында есімі мәңгіге сақталған Әлмерек бабаның бүкіл ғұмыры хандық дәуірдің күрделі кезеңдерінде ел мен жерді қорғау жолында өтеді. Тіпті, қартайған шағында батырларды рухтандырып, ақ батасымен жол көрсетеді. Мұндай тұлғалар қашанда елмен бірге демекпіз.
Берекет Кәрібаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі


