Перейти к содержимому
Главная страница » Домбыраның құлағында ойнаған

Домбыраның құлағында ойнаған

Елімізде 2018 жылдан бері шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді.  Бұл атаулы күн халқымыздың киелі аспабына деген құрметті арттырып, өнерде алатын орнын бұрынғыдан да биіктете түскені анық. Мереке қарсаңында ұлттық музыка өнерін меңгеріп, түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүрген жас домбырашы Әлихат Атығай жайлы қалам тербемекпіз.

Келешегінен зор үміт күттіретін талантты жас Қонаев қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің 9-сыныбында оқиды. Ол 3-сыныпта білім алып жүргенде жаңажылдық кеште Әділхан есімді сыныптасының домбыра тартқанына қатты қызығыпты. Содан үйіндегі аталарынан қалған ескі домбыраны алып, ютуб арқылы үйренуге ден қояды. Ұлының ұлтымыздың символы саналатын қастерлі аспапты меңгергісі келетін ниетін байқаған анасы Забира оны мектептегі домбыра үйірмесіне береді.
Шолпан апайынан домбыра тартуды үйренген Әлихан 4-сыныпта кәсіби деңгейін одан әрі жетілдіру мақсатында қалалық балалар шығармашылығы орталығының табалдырығын аттайды. Бұл жерде кәсіби білікті маман Гүлсім Қыдырбайқызынан тәлім алған ол күй орындау кезіндегі саусақ пен білек техникасын жетілдіру, нота тану және есту қабілетін дамытады. Сонымен бірге қағыстарды, орындаушылық шеберлікті, сахна мәдениетін үйренеді. Гүлсім апайының дәрістері оның күй құдіретін, адам жанына әсерін түсінуге, бойындағы талантын ашып, одан әрі жетілдіріп, өнерлі өренге айналуына септігін тигізеді. Түрлі іс-шараларда, концерттерде өнер көрсетіп, сахнаға бой үйрете бастайды.
– Күй құдіреті ұққан адамды телегей теңіз мағынамен байытып, сезімді тербеп, көңілді шалқытатын, бойдағы қанды қыздырып, жан-дүниеңе сілкініс туғызып, ғажап толқыныс толқындарына батырады. Сондай-ақ домбыраның қос пернесінен шыққан үн адамды рухтандырып, шабыттандырады. Барлық шығарманы беріліп орындаймын. Жақында өзім де күй шығардым. Халықаралық, республикалық, облыстық байқау­лардан жүлделі орындарды иеленіп жүрмін. Осындай жетістіктерге ұстаздарымның еңбегінің арқасында жетіп отырмын, – дейді Әлихан Атығай ағынан жарылып.
Бүгінде жас күйші Құрманғазы, Дина, Махамбет, Нұрғиса Тілендиев Қаршыға Ахмедияров, Айтқали Жайымов шығармаларын дәріптеп жүр. Біз де Әлиханның осындай ұлы тұлғалар секілді халықты күйшілігімен тәнті етіп, биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіреміз.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы