Перейти к содержимому
Главная страница » Күй қонған әулет

Күй қонған әулет

Қазақтың қара домбырасын қасиеттеп, күйшілік өнерді атадан балаға жалғастырып келе жатқан әулеттің бірі – Жамбыл ауданындағы Шаштай Күшікбайұлынан тараған ұрпақ. Ұлттық домбыра күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, күйші-композитор Дүйсебай Шаштайұлымен жолығып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Дүйсебай аға, сіз қазақ халқының күй өнерін ұзақ жылдан бері талмай насихаттап жүрген әрі жүректен шыққан әсерлі күйлеріңізбен танылған өнер адамысыз. Күйшілік сіздердің әулетте атадан балаға жалғасып келе жатқан өнер ме?
– Иә, солай десе болады. Әкем де, атам да домбыраны қастерлеп өткен. Атам Күшікбай Жүзгенбайұлы – жыр алыбы Жамбылмен қатарлас, аралары небәрі үш-ақ жас болған екен. Сол заманда олар бір-бірінің атын атамай, құрметтің белгісіндей «Жәке» деп сыйласып өтіпті. Бірде Күшікбай атам ағасының баласымен жол жүріп келе жатып, бір үйге қонаға түсіпті. Үй иесі өрісте екен, әйелі келген қонаққа дұрыс көңіл бөлмесе керек. Сол кезде атамыз төрде тұрған домбыраны қолына алып, күй шертіпті. Малын жайғап болып, үйге беттеп келе жатқан үй иесі күйді тыңдап, аяқталғанда ішке еніп, сәлемдескен соң, әйеліне қарап: «Сен қонақтарды дұрыс қабылдамапсың ғой» деп ескерту жасайды. Сонда ләм деп бір ауыз сөз айтпай, ойындағысын домбырамен жеткізген. Ал оны тыңдаушы түсінген. Міне, домбыраның құдіреті қандай! Айтарын домбыра тілімен-ақ жеткізген мұндай мысал, аңыз көп. Соның әйгілісі хан баласының өлімін қос ішекпен естірткен «Ақсақ құлан» күйі екені белгілі. Күшікбай атамыз да қара домбыраны сөйлете білген.
Әкем Шаштайдың да күйшілік өнері болды. Ол кісі таң атпастан домбыра шертетін. Басқа тірлігіне одан кейін кірісетін. Біз бала кезден қасиетті аспаптан шыққан үнді құлағымызға құйып өстік. Әкем домбыраны шебер орындайтын. Оның күйінде әдемілік, әуездік бар. Күй тартқанда арасында әңгімелеп отыратын.
– Өзіңіздің домбыраға әуестігіңіз қашан басталды?
– Шамасы он жасымнан домбыра тарта бастадым. Бұл 1963 жыл болуы керек. Ол кезде ауылға теледидар әлі келе қоймаған, мектепте музыка пәні мұғалімі жоқ болатын. Тек радио ғана саңқылдап, одан күнде қазақтың ән-жыры үзілмейтін. Ән мен күйді содан тыңдап, жаттап, бір-бірімізге үйрететінбіз. Жамбыл ауылындағы мектепте оқып, 1969 жылы 8-сыныптан кейін Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түстім. Домбыра сыныбына түссем деп барған едім, бірақ мені домбыра-прима сыныбына бөлді. Ол – үш ішекті аспап, ішегі темірден жасалған. Сабақ орыс тілінде жүрді, түк түсінбеймін, содан қиналып, келесі жылы оқудан шығып, қайтадан ауылға келіп, мектепті сонда бітірдім. Әскерге барып келген соң қайтадан музыка училищесіне бардым. Қабылдау емтиханында Тәттімбеттің «Сылқылдағын», «Балбырауынды» тартқанмын. Оны жақсы-ақ бағалады, бірақ басқа сыныпқа бөліп жіберді. Ал батыс облыстардың балалары домбыра сыныбында көп оқыды. Сөйтіп сол домбыра-примадан ажырай алмай қалдым ғой. Консерваторияда да сол музыкалық аспапты меңгердім. Домбыра-примамен «Құрманғазы» оркестрінде 3 жыл жұмыс істедім, одан кейін «Отырар сазы» оркестрінде 10 жыл қызмет еттім, оның 7 жылында концертмейстер болдым. Сосын оқытушы, директор болғаннан кейін ол аспапта ойнауды біржолата қойдым. Мен үшін қазақтың қара домбырасы жаныма бәрінен жақын. Домбыра-прима мен домбыраның арасында айырмашылық көп.
– Студент кезіңізде шығарған екі күйіңіз байқауда жоғары бағаланғаны туралы айтыңызшы?
– Ол – «Сүйінбай сазы» мен «Әлия» ғой. Сол екі күйім 1979 жылы Композиторлар одағында бағаланып, лауреат атанғанмын. Мен сол жылы Ленинград қаласында Әлия Молдағұлова атындағы музейдің ашылуына қатыстым. Онда консерваторияның 3-курс студентімін. Сонда «Әлия» күйін орындадым.
Ал «Сүйінбай сазы» Нұрғиса Тілендиевтің арқасында «Отырар сазы» оркестрінің репертуарынан тұрақты орын алды. Ол күй 2015 жылы Композиторлар одағының пленумында «Қазақтың 100 күйі» тізіміне енгізілген. Сосын Қырғызстанда өткен «Алатау жазы» фестивалінде «Ала арша» деген күйім 2-орын алған. «Дастан ата» күйі Жамбылдың 150 жылдығында шықты. Одан басқа «Өкініш», «Бозқарағай» сияқты жалпы саны 12 күйім бар. Күйдің өзі – бір құдірет.
– Домбыраның қадыр-қасиетін қалай бағалайсыз?
– Домбыра – қасиетті аспап. Терең мағыналы, тіл біткендей сөйлейді. Домбырамен шетелдік классикалық шығарманың кез келгенін орындай аласыз. Құрылысы қарапайым болғанмен, мүмкіндігі мол. Қазақтың небір күрделі күйлері домбыраның шанағынан төгіліп тұрған жоқ па?!
– Күй өнерінің қазіргі даму барысы қалай? Жас орындаушылардың өнеріне көңіліңіз тола ма?
– Күй дамып жатыр. Бірақ қазір әркім шамасына қарай күй шығарады. Күйдің формасы біршама өзгерді. Орындау техникасы қатты дамығанымен, мағынасы жеңілдеп кетті. Бұрынғы тереңдік жоқ. Жаңадан шығып жатқан кейбір күйлерді мен түсінбеймін. Қазір консерваторияда Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Құрманғазы, басқа да халық композиторларының күйлерінен емтихан тапсырады. Әрқайсысының өз стилі, ерекшелігі бар, соның барлығын меңгеріп шығады. Сондықтан орындау техникасы қатты өсті. Күйшілік мектеп те көп. Бірақ домбыра үйірмелерінде бағыт-бағдар беру жағы жеткіліксіз, нота үйретілмейді. Қазіргі заманда қандай нәрсе болмасын, істің оңай жолын іздеуге ойысып кетті ғой. Сол сияқты өнер саласында да сондай үрдісті байқадым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Серік Сатыбалдиев