Қазіргі таңда Алматы облысында қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басышының орынбасары Онғарсын Байұзақов пен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәулет Капсаламова баяндады.
Мамандардың айтуынша өңірде қызылша жұқтырды деген 3000-ға жуық жағдай тіркелген, оның ішінде 1800 жағдай расталған. Науқастардың көбі 14 жасқа дейінгі балалар.
Қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы өңірде 112 200 адамға екпе салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 6-10 ай аралығындағы 25 093 бала, 2-4 жас аралығындағы 76 280 бала қамтылады.
“Сондай-ақ, медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының 6 130 қызметкері және 4697 азамат иммунитетін екпе арқылы қосымша күшейте алады”, – дейді Оңғарсын Байұзақов.
Мамандар сондай-ақ Алматы облысында 10 айда 2200 адамның екпе салдырудан бас тартқанын айтады.
«Халықтың екпеден бас тартуына әлеуметтік желілерден алынған қате пікірлер пен діни пайымдары, сонымен қатар, интернет ресурстарындағы мүлдем расталмаған ақпараттар да себеп болып отыр. Сондықтан қызылша ауруына шалдыққандар саны артып келеді», – дейді Саулет Баймұхамбетқызы.
Спикерлер кез келген аурудың ең жақсы емі алдын алу екенін айтып, облыс тұрғындарын екпе алуға шақырды.