Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 30 қараша күні сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде келіп жетті.
«Келген бойда 3 қабатты тұрғын үйдің 1 қабаты және жатақханаға айналған жертөлесі өртеніп жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы – 30 шаршы метр. Қолданылған шаралар нәтижесінде өрт 06:22-де жойылды», – деп хабарлады департаменттен.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, өртті барлау және сөндіру барысында 13 адамның денесі табылды. Қазір олардың кім екені анықталып жатыр. Тағы екі адам зардап шегіп, ауруханада дәрігерлік көмек көрсетілген соң үйлеріне қайтарылған.
Алдын ала болжам бойынша, марқұмдар көміртегі тотығынан уланып қайтыс болған.
Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Алматы қалалық әкімдігінің хабарлауынша, эвакуацияланғандарға ыстық тамақ беріліп, қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, эвакуацияланған адамдардың көбі шетелдіктер. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан,Пәкістан азаматтары. Араларында қазақстандықтар да бар.
Соңғы мәлімет бойынша, Алматыға Астанадан Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ұшып шыққан.