Қазіргі таңда адамдарды алаңдатарлық мәселе көп. Тығырыққа тірелген жандар қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмей жатады. Күйзеліске тап болып, одан шығар жолды іздейді. Нақты маманның көмегіне жүгінбеген соң қателік үстіне қателік жамап та алады. Көп нәрсе адамдардың өздерін жете танып білмегендігінде, өз әлемін қалыптастыра алмағанында деп ой топшылауға болады. «Өзіңді тану – әлемді тану» демекші, адам өз-өзін тани білгенде ғана қателеспей, өз орнын таба алады.
Осы орайда жан әлемі – жеке зерттейтін ғылым. Оқырмандарымызға психолог маманның кеңесін беру, жол сілтеу мақсатында «Жан әлемі» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Алғашқы кезекте «жеке шекара» деген не? Ол туралы нені білуіміз керек? Адам өзінің жеке шекарасын қалай қорғай алады? Бұл турасында психоанализ бағытындағы психолог, Қазақ психологиялық қоғамы және Психоанализ ассоциациясы мүшесі, «Intellect 7G-эксперттер мен кеңесшілер коғамы» аймақтық филиалының директоры Назгүл Темірғалиева кеңес береді.
– Жеке шекара дегеніміз – өзімізді іштей жайлы сезіну үшін жеке басымызды, жеке кеңістігімізді қорғау үшін орнатылған көзге көрінбейтін сызық. Оны біз «ішкі шекара» деп атаймыз. Жеке шекара әр адамға жайлылық алып келу үшін керек. Егер адам өзін жайсыз сезінсе, бұл кейін күйзеліске әкеп соқтыруы мүмкін. Физикалық шекара деген де ұғым бар. Мысалы, бейтаныс адам сізге сүйкеніп тұрса, рұқсатсыз қолыңыздан ұстаса, жаныңызға келіп отырса, көз алмай қарап тұрса немесе телефоныңыздағы хабарламаға көз салып оқып отырса, бұл сізге жайсыздық тудырады. Мұндай қылықтар жеке шекараны бұзуға жатады. Сонымен қатар, эмоциялық шекара деген де болады. Егер бейтаныс адам немесе жақыныңыз сізге ашуланып, дауыс көтерсе, ол да сіздің шекараңызды бұзған ретінде саналады.
Адам жеке шекараны қорғай білу үшін оған бала кезден дайын болу керек. Жеке шекараны құру басқалардың сіздің өміріңізге араласпауына, өзіңізге сенімді болуыңызға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, біздің эмоциялық, физикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеді. Кейбір адамның санасында «жеке шекара» деген ұғым жоқ. Мысалы, ол біреудің затын рұқсатсыз алады, сұрамайды. Ондай адамдарда жеке шекара бала күннен қалыптаспағандықтан, өзгелердің шекарасынан рұқсатсыз өте береді. Өзгелер туралы жағымсыз сөз, өсек, әңгіме айту да жеке шекараны бұзуға жатады. Жеке шекараның бұзылуы психологиялық аурулардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Адам өзінің жеке шекарасын құрып қана қоймай, өзгелердің де шекарасына құрметпен қарай білуі керек.
Адамның жеке шекарасын құру бала кезден басталады. Ол үшін анасы жүктілік кезден перзентіне жеке тұлға ретінде қарауы керек. Сәби дүниеге келгеннен кейін де «ештеңе түсінбейді, әлі бала» деп қарау дұрыс емес. Бір жасқа дейін де бала айналасын тани бастайды. Ата-аналар балаға жеке тұлға ретінде құрмет көрсетпесе, оның жеке шекарасы қалыптаспайды.
Балалар сөйлемесе де, әлі жүре алмаса да, өзіне ұнамайтын нәрсені эмоция арқылы көрсетеді. Осы тұста ата-ана баласына байыппен ненің қауіпті, ненің зиян екенін үйретуі керек. Бала есейіп келе жатқанда үнемі әңгімелесуі қажет. Оған не ұнамайтынын, оның не қалайтынын толық білуі керек. Одан бөлек, баланы тыңдай білу өте маңызды. Баламен сөйлесіп, оның жеке шекара туралы ойын біліп, оны құруға ата-ана көмектесуі керек, – дейді психолог.
Маманның сөзіне жүгінсек, бала әрдайым ата-анасына тәуелді болады. Кей жағдайда ата-анаға баланың шекарасын бұзбау мүмкін емес болып жатады. Мысалы, бала сабақ оқығысы келмей, ойынға қызығады. Сондай сәттерде балаға ұрыспай, сабырлық танытып, бірге үй тапсырмасын орындату керек. Бұл бала үшін өте маңызды. Ол арқылы баланың сабақ оқу дағдысы қалыптасады. Жеке шекараны, сондай-ақ, медициналық, төтенше жағдайлар кезінде бұзуға тура келеді.
Адам өмірін сақтап қалатын жағдайларда жеке шекара деп отыруға болмайды. Дегенмен, ота жасайтын кезде де дәрігерлер міндетті түрде рұқсат сұрап, қолхат жаздыруы шарт. Сонымен қатар, қылмыстық әрекеттерді ашатын кезде, тінту, тексеру жұмыстарында, адамның қауіпсіздігін алдын алу шараларында жеке шекараны бұзуға болады. Бірақ оның да шегі, ережесі, талабы бар.
Көптеген адам жақындарының өтінішіне «жоқ» деп айта алмағандықтан, өз принциптерін бұзып, кейде өзіне ұнамайтын істі жасауы мүмкін. Бұл да – жеке шекараның бұзылуы. Біз «жоқ» деп айтуды қалай, қай кезден бастап үйренуіміз керек? Бұл турасында Назгүл Аблахатқызы:
– Қай кезде «жоқ» деп айта алмасаңыз, сол сәттен бастап өзіңізбен жұмыс істей бастаңыз. Себебі, бұл бекер емес. Мысалы, кейбір ата-ана тек өзінің айтқанын ғана істеткісі келеді. Баласының пікіріне ешқашан құлақ аспайды, оны тыңдамайды да. Өкінішке қарай, біздің қазақы тәрбиеде осындай жағдай жиі кездеседі. Тек ата-анасының пікірімен ғана жүріп-тұратын, өмір сүретін балалардың саны көп. Байқасаңыз, кейбір адам жасы 30-дан, 40-тан асса да, әке-шешесімен ақылдасады. Бұл – бала кезден жеке шекараның қалыптаспауынан туындаған тәуелділік. Ата-анасының алдында өзі пікірін айтып, қорғай алмайтын бала айналасындағы адамдарға да «жоқ» деп айта алмайды.
Әрине, барлық адамның өз шекарасы бар. Десе де, өзгелердің шекарасы басталған жерде оның шекарасы, құқықтары аяқталады. Мысалы, мынандай сұрақты қарастырайық: мектепте, көшеде бөтен адам сыни пікір білдірсе, балалар бұны қалай қабылдауы керек? Мұғалім «мынаны ки», «мынаны жасама», «дұрыстап отыр» деуі мүмкін немесе көшеде бейтаныс адам «Мынандай
ауа райында неге жұқа киінгенсің?», «Тамақ жеу әдебін білмейсің бе?» деген секілді оғаш сұрақтар қоюы мүмкін. Осындай сәтте реакция қандай болуы керек?Бір бала үйінің еркесі болуы мүмкін, бірақ мектепте оған мұғалімдер ата-анасы секілді қарауға міндетті емес. Мұндай жағдайды әр адам әртүрлі қабылдайды. Бірі сын деп түсінсе, бірі ескертпе, сабақ деп ұғады. Бұл осындай сынды айтқан адамның эмоциялық жеткізуіне де байланысты. Біреуі жаны ашып та немесе өкпе-ренішпен айтуы да мүмкін. Кейбір адам мұндай сөздердің бәрін сын деп қабылдайды. Себебі, оның санасында тек сын қалыптасқан. Оған дейін бұл баланы жиі сынап, ренжітсе, ол барлық сөзді сондай мағынада қабылдайтын болады. Егер бала өзіне сенімді әрі отбасында еркін өссе, мұндай пікірді жанашырлық деп түсінеді.
«Жеке шекарамды қорғаймын» деп мектеп тәртібін, заңды бұзуға болмайтынын ескеруіміз керек. Адам кез келген жағдайда өз шекарасын агрессиясыз, артық эмоциясыз қорғап үйренуі керек. Өйткені, жеке шекарасы қалыптаспаған балаларда психологиялық, физикалық тұрғыда ақау болады. Физикалық тұрғыда біреуді ұру, итеру, бопсалау, төбелесу де жеке шекараны бұзуға жатады. Мұндай әрекеттер кейін зорлық-зомбылықтың ауыр түрлеріне жеткізуі мүмкін. Одан бөлек, құпия мәліметтердің сақталмауы, біреуді рұқсатсыз суретке түсіру, аңду, буллинг, әлеуметтік желіде неше түрлі негатив пікірлер жазу да жеке шекараны бұзу болып саналады. Бұл жасөспірімдер арасында өте ауыр қабылданады. Оның психологиялық салмағы да ауыр. Жеке шекараның болмауынан бала өзін қорқақ, осал сезінеді, кез келген нәрседен қорқып, тәуекелге барудан, қадам жасаудан жасқанады, болашағына сенбейді. Мысалы, қазір бір-біріне қысым көрсетіп, қорқытатын жасөспірімдер туралы жаңалықтарды жиі көреміз. «Суреттерді жариялап жіберемін, анаңа айтамын» деген секілді алдамшы манипуляцияға жол беріп, бірін-бірі қорқытады. Сондай манипуляцияға еріп, жеке шекарасын қорғай алмаған жеткіншек депрессияға ұшырайды. Мұндай сәттерде ересек адам жанынан табылып, қорған болуы керек. Егер сіз жасөспірім шақта балаңызды қорғай алмасаңыз, оны қорғайтын арам ниеттегі адамдар пайда болады. Сондықтан барынша сақ болу керек.
Жеке шекарасы қорғалмаған бала уақыт өткен сайын әлеуметтік ортадан алыстап, адамдармен байланыс орнатудан қаша бастайды, яғни «социофобқа» айналады. Жеке шекараның болмауы адамның денсаулығына да, сана-сезіміне де, өмір сүру сапасына да қатты әсерін тигізеді, – деген ойын білдірді.
Ата-ана баласына өтпелі кезеңде қандай қолдау көрсетуі керектігіне де тоқталып өткен психолог:
– Жасөспірімдік шақта бала өмірден өз орнын іздей бастайды. Өтпелі кезең – бала үшін де, ата-ана үшін де қиын кезең. Қазір баланы тек ата-ана ғана емес, қоғам, интернет тәрбиелеп жатыр. Сондықтан баласына дұрыс тәрбие беру ата-анаға өте қиын, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ата-ана күндіз жұмыста болғандықтан баласына жеткілікті уақыт бөле алмайды. Дегенмен, кешке міндетті түрде балаңызға уақыт бөлген абзал. Баламен эмоциялық байланыста болу керек, оған барынша жылы қарым-қатынас таныту керек. Бала не айтса да, соңына дейін сөзін бөлмей, оған сеніммен қарап, тыңдау керек. Себебі, ол өзінің көзқарасын, эмоциясын бөлісіп жатыр. Бала қателік жіберсе де, оны ата-анасына айтудан қорықпауы қажет. Оның қателігін ұрысып немесе ұрып емес, байыппен, ақылмен жеткізу керек. Өтпелі кезеңде баланың тамақ жеу рационына да мән берген жөн. Балаңыздың достарымен де қарым-қатынас орнату, оларды үйге шақырып, бірге тамақтану да өте маңызды, – дей келе, адам өзінің жеке шекарасын қалыптастыруда ұстану керек негізгі үш ережені де атап өтті.
– Жеке шекараны қорғау – психологиялық денсаулықтың ең маңызды аспектісі. Ең алдымен, адам өзінің қалауын, қажеттілігін нақты білуі керек. Екіншіден, өзіне сенімді болып, біреу ұнамайтын қағида ұсынса, өз шекарасын қорғап, одан бас тарта білуі керек. Үшіншіден, көмек сұраудан қорықпау қажет. Мамандарға, психологтарға жүгініп тұрған абзал, – деді психолог.
Бір сөзбен айтсақ, адамның өз шекарасы – өзін қорғау жолы, тәсілі, өзінің жеке әлемі. Ал сіз, құрметті оқырман, өз шекараңызды қорғай алып жүрсіз бе? Осы тұрғыда ойланып көрейік.
Алма Есенбай