Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген мазмұнды сұхбатында елімізді жаңа бағытта дамытуға қатысты ойларын ортаға салып, маңызды мәселелерді көтерді.
Президент елімізде атқарылып жатқан жаңа реформаларға шолу жасап, алдағы бағыт-бағдарларымен бөлісті. Қазіргі уақытта мемлекетіміздің барлық саласында елеулі өзгерістер орын алуда. Қайғылы Қаңтар оқиғасынан кейін Коституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, билік пен халықтың арасында ашық диалог орнады. Жаңа құрамда «Еститін Үкімет» жасақталып, әлеуметтік салада қордаланып қалған түйінді мәселелер жүйелі шешімін таба бастады. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.
Еліміздің әр өңірінде жайлы мектептер бой көтеріп, мәдениет ошақтары жаңаруда. Бұл ретте «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жанынан үлкен визит-орталық салынып жатқанын айта кеткім келеді.
Президент өз сұхбатында бұған дейінгі халыққа арнаған Жолдаулары мен Ұлттық Құрылтай отырысында көтерілген мәселелер әлі де өзекті болып отырғанын айтты. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан қоғамын қалыптастыру бағытындағы ауқымды жұмыстарды іске асыру жалғаса беретініне баса назар аударды.
Биылғы жылы Қазақстан сыртқы саясатты дамытуға қатысты маңызды іс-шараларды үйлестіретін болады. Атап айтқанда, еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.
Биылғы Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өтетін боады. Бұл Түркі әлемін жақындастыратын, тамырлас елдердің рухани ынтымақтастығын жандандыратын үлкен бастама. Ұлы даладағы көш¬пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру өте маңызды.
Тәуелсіз еліміз үшін маңызды оқиғаның бірі – биыл Жошы ұлысы-ның іргесі қаланғанына – 800 жыл толады. Осы тарихи датаға орай Президент мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын айтып, тарихшы мамандарға кең ауқымды зерттеулерді қолға алуды тапсырды. Бұл зерттеу жұмыстарына «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы тарихшы, археолог мамандары да атсалысатын болады.
Президент «Тарих – біздің жалпы¬ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр» – дей келе, «Сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді» – деп атап өтті.
Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс» – деген пікір айтты. Шынында да, мемлекет басшысының бұл сөзі барша қазақстандықтар ұстанатын басты қағида болуы керек деп есептеймін.
Бұл бағытта «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мемлекеттің тарихи-мәдени құндылықтарын зерттеп, сақтауда жүйелі жұмыс атқара беретін болады.
Гүлмира МҰХТАРОВА,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры