Бүгін қала тұрғындарының сапалы қызмет алуы үшін Қонаев ауруханасында МРТ (магниттік-резонанстық томография) қолданысқа берілді, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
МРТ аурухана ғимаратынан бөлек орналасқан. Нысанның ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева, қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысты.
«Алдымен баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгін қала жұртшылығы үшін қуанышты күн. Себебі, бұған дейін науқастар МРТ-ға түсу үшін Алматы қаласына барса, енді бұл қызметтің түрі қолжетімді болды. Шаһарға қарасты ауыл тұрғындары да нақты диагнозын алу мақсатында алысқа бармайтын мүмкіндік туды», – деді Сәуле Нұрсолтанова.
Ал Лейла Серікбаеваның сөзінше, Алматы облысында 3 МРТ қолданысқа берілді.
«Өңірде 1,5 млн-нан астам халық тұрады. Облыс екіге бөлінгелі денсаулық сақтау саласына ден қойылып, «Дені сау ұлт» жобасы аясында 3 МРТ сатып алынды. Оның бірі Еңбекшіқазақ ауданында, бірі Қонаевта, үшіншісі Қарасай ауданында орналасқан. МРТ – ауруларды ерте уақыттан анықтауға арналған заманауи талаптарға сай келетін жабдық», – деді ол.
Аталған құрылғымен жұмыс жасау үшін медицина қызметкерлері арнайы біліктілік курстарынан өткен. Науқастар МӘМС жүйесінде сақтандырылған болса, томографияға тегін түсе алады. МРТ халыққа тәулік бойы қызмет көрсетеді.