Алматы облысындағы өндірісі өркендеген аймақ – Талғар ауданы. Былтыр ауданда 9 бірдей жаңа өндіріс ошағы ашылып, инвестиция көлемі 1,8 млрд. теңгеге жетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков мәлім етті.
Мемлекет қолдауының арқасында ауданда «Қайрат» индустриалды аймағы кереге жайған. Аумағы 198,3 гектар жерді алып жатқан индустриалды аймақта 11 жоба іске асырылады деп күтілуде.
«Қайраттағы» басты өндіріс орны – «Техно Николь – Орталық Азия» зауыты. Жоба құны 43,8 млрд. теңге болатын зауытта энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдар өндіріледі.
Талғар ауданына қарасты өндірістік аймақта шойын және болат бұйымдарын шығаратын «SAFA INDUSTRIAL» зауыты жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге, «QazMetProduct» болат сым шығарады. Тіпті, тау-кен техникасына арналған сауыттарды өндіру және сатуға арналған «SUNLONG» цехы да ауданның эконоикасының дамуына өз үлесін қосуда. Өңірдегі өндіріс бұнымен тоқтамақ емес, алдағы уақытта 7 инвестициялық жоба жүзеге асады. Қазіргі кезде жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, жобалардың жалпы сомасы 35,4 млрд. теңге.
«Индустриалдық аймақтың белсенділігін арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында қазіргі таңда әкімшілік аймақтың жалпы ауданын 198 гектардан 345 гектарға кеңейтуді көздеп отыр. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін болашақта индустриалдық аймақта 25-ке жуық кәсіпорындар іске қосылып, 3000-ға жуық жұмыс орындары ашылмақ», – деп атап өтті Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков.
Экономикалық дамудың тағы ірі көрсеткіштерінің бірі – шағын және орта бизнес. Талғар ауданында 21 мың 179 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Олар экономикалық белсенді тұрғындардың 30 пайызын еңбекпен қамтып отыр. Аудан басшысының сөзіне сенсек, кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында 102 жоба жалпы сомасы 5,8 млрд теңге қаржылай қолдау тапқан. Өткен жылы 38 шағын және орта бизнес нысаны ашылды, мұнда 222 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп, 2,3 млрд. теңге инвестиция тартылды.
«Нарық кезінде экономиканың өрлеуі инвестицияның өсуіне байланысты болады. Ауданымызда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі – 105,3 млрд. теңге. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 28,1 млрд. теңгеге көп. Инвестицияның 81,4 пайызы кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен тартылғанын айта кеткен жөн», – деді спикер.
Баспасөз мәслихатында Таңат Есенгелдіұлы ауылшаруашылығы саласына тоқталды. Сөзіне сүйенсек, бұл бағытта жылыжай ісі жанданған. Ауданда 14 жылыжай шаруашылығы бар. Өткен маусымда 1,1 мың тонна өнім алынып, өсім 102,1 пайызға жеткен.
Сонымен қатар, мал шаруашылығында да өндіріс артқан. 14,4 мың тонна ет, 65,4 мың тонна сүт өндірілген. Бұл ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүйелі жүзеге асқанын атап өткен абзал. Аталмыш жоба аясында 24 жоба мақұлданды. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 3,1 млрд. теңгеге 2 инвестициялық жоба іске қосылған жайы бар.
Өндірісі өркендеп, экономикасы тұрақты ауданда әлеумет үшінде бірқатар істер жүзеге асқан. Мәселен, өңір халқының игілігіне өткен жылы 257,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Ал, биыл Талғар қаласында 9 қабатты 72 пәтерлік 5 тұрғын үйдің және аудан бойынша 10 жеке тұрғын үй кешенінің іргетасы қалануда. Сонымен қатар, инфрақұрылым мәселесінің оң шешімін табуы да халық үшін өзекті. Аудандағы 48 елдімекеннің 45-сі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
«2023 жылы Талғар топтық су құбырына Алмалық, Амагелді, Байбұлақ ауылдарының су желелерін қосу жұмыстары аяқталып, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Шымбұлақ, Алтын Дән, Березка, Бірлік, Талдыбұлақ ауылдарының су желелерін қосу жұмыстары 2024 жылдың маусым айында аяқталады. Бұған қоса, Ақдала және Кіші Байсерке ауылдарының су жүйесінің құрылыс жұмыстарына 258 млн.теңге бөлініп, ашық конкурс жариялауға құжаттар дайындалып жатыр», – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Айтуынша, аталмыш жұмыстар толықтай орындалса, желілердің тозу деңгейі 82 пайызға төмендейді екен. Таңат Айдарбеков, аудандағы елді мекенді газға қосу көрсеткіші 66,7 пайызға жеткенін тілге тиек етті. Бұл маңда 32 елдімекеннің халқы көгілдір отынға қол жеткізген. Бүгінде Еламан, Көктал, Қайнар, Арқабай ауылдарында газдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сөз соңында Таңат Айдарбеков, талғарлықтарды алаңдатқан негізгі нәрсе жылумен жабыдқтауға тоқталды.
«Жалпы, аудандағы 68 көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамту мақсатында 19 блокты-модульды қазандықты орнатуға жобалау жұмыстары аяқталып келеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізу 2024 жылға жоспарланып отыр»,-деп қорытындылады аудан әкімі.