Қонаев қаласында халық саны күннен күнге көбейіп, жеке тұрғын үйлер салынып жатыр.
Қарқынды құрылысқа байланысты қаладағы бірнеше шағын ауданда инфрақұрылым желілерін тарту, жаңғырту жұмыстары атқарылып жатыр.
Қонаев қалалық ТҮКШ бөлімінің мәліметіне сәйкес, 8-10 ықшам аудандарында су желісі мен кәріз желісін қайта жаңғырту жобасы іске асуда. Жоба бойынша 26 шақырым су құбыры және 8 шақырым кәріз құбыры тартылып, 7-шағын кәріз сорғы станциясын іске қосу қарастырылған. Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Сондай-ақ осы ықшам аудандарда электр желілерінің жиі істен шығу мәселесін шешу мақсатында қосымша 3 трансформаторлық қосалқы станциялары мен 100 бағана орнатылды. Қазіргі таңда оларды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2023 жылдың қараша айынан бастап 8, 10 ықшам аудандарында автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп, басты көше кеңейтілуде. Жоба биыл да жалғасады.
Ал Гүлдер ықшам ауданында жаңа электр желілері жүргізіліп, 80 жарық бағанасы және 400 кВт бір трансформатор орнатылды. Жақын арада трансформатор қолдануға беріліп, абоненттер электр желісіне қосылады.
Бұдан бөлек, «Қарлығаш» шағын ауданының автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жобасы түзетуден өтіп, 2023 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын иеленді. Биылға 286 млн теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда мердігер ұйымды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Былтыр қазан айында аталған екі шағын ауданда «Сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту» жұмыстары басталды. Оған бюджеттен 481 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аталған жұмыс бойынша 17,8 шақырым су құбыры, 7,13 шақырым кәріз құбыры тартылуы тміс. Алайда, мердігер компания міндетін өз деңгейінде орындаған жоқ. Сәйкесінше, сотқа талап арыз жолданып, серіктестік «жосықсыз мердігер компаниялар» тізіміне енгізілді. Инженерлік желілермен қамту жобасы басқа компанияға беріліп, жұмыс жалғасады.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі