Алматы облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев өңірде орналасқан су қоймаларын аралады.
Сенатор алдымен Сорбұлаққа атбасын бұрды. Су қоймасы 1970 жылдары қолданысқа берілген. Ол Алматы қаласы және оның маңындағы көпқабатты үйлер мен кәсіпорындардың кәріз суларына арналып салынған.
Мегаполистің құрылысы қарқын алған сайын тұндырма су қоймасының көлемі де артып келеді. Қоймада жиналған су егістіктерге жіберіледі. Десек те, Сорбұлақтың суы толық пайдаланылмай отыр. Оған себеп, «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық мекемесі мен “Ілеирригация” су шаруашылығы мекемесі арасындағы келісімшарттың орындалмауы. Екі жақ әлі күнге дейін дауласып келеді. Мәжіліс депутаты Жанболат Жөргенбаев оларды тезірек ортақ келісімге келіп, мәселеге нүкте қоюға шақырды.
Бұдан кейін депутат Күрті су қоймасына барды. Мұндағы суды Жамбыл және Іле ауданының шаруалары қолданады. Каналдың 70 шақырымы бетондалған. Ол Іле ауданына тиесілі, яғни су жерге сіңбей шаруа қожалықтарының сұранысын қанағаттандыра алады. Ал Жамбыл ауданына қарасты бөлігінде мұндай стандарт сақталмаған. Соның салдарынан жамбылдық шаруалар су тапшылығын сезінуде.
Сенат депутаты Ж. Жөргенбаев аталған мәселелер назардан тыс қалмай, Парламент мінберінде көтерілетінін айтты. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы бөлгізіп, тозығы жеткен каналдарды жөндеуге және су қоймаларын зерттеу жұмыстарына атсалысатынын жеткізді.
Су қоймаларын аралау кезінде депутатпен бірге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев, Іле аудандық мәслихатының төрағасы Мұхит Бақытұлы, Күрті ауылдық округінің әкімі Төлеген Омаров және осы салаға жауапты мамандар жүрді.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы