Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов газ құбырын тарту жобасын іске асырушы бірнеше компания өкілдерімен, тиісті бөлім басшыларымен кездесу өткізді. Жиын барысында Қонаев қаласын газбен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Қазіргі таңда қала мен оған қарасты елдімекендерде 6425 тұтынушы газға қосылған. Оның ішінде 5136 пәтер, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер бар.
Жалпы, шаһардағы нысандардың 34 пайызы көгілдір отынға қосылған. Биыл Сейфуллин көшесі мен № 1, 2, 4, 18, Ивушка шағын аудандарында газ құбырын тартуды аяқтау жоспарланған. Ал №19-20, Спутник, Арна, Рауан, 12А, 12В шағын аудандарына газ құбырын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынғаннан кейін, 2025 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы құрылыс қарқынды жүріп, халық саны күннен күнге көбейіп келеді. Осыған байланысты қосымша автоматтандырылған газ тарату станциясы мен газ тарату желілерін тарту қажеттілігі туындап отыр. Аталған бағытта да жұмыстар жүргізіледі.
Жиын барысында қала әкімі бұрынғы саяжай аумақтарына, Шеңгелді ауылдық округінің елдімекендеріне газ тарту туралы ұсыныс дайындауды тапсырды. Бұл шара іске асса, көгілдір отынмен қамтылатын аймақтың шекарасы ұлғаяды.
Айта кететін жайт, қаладағы пәтерлер мен жеке тұрғын үйлер жауапты мекемеге түскен өтініштерге байланысты көгілдір отынға қосылады.
Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі