Отан қорғау – абыройлы іс. Бірақ сол абыройлы істің жауапкершілігін сезінбей, әскер қатарынан жалтарып, Отан алдындағы әскери борышын өтеуден қашатын жастарды көргенде күйінесің. Күні кешегі бабалар салған сара жол – батырлықтың өткен күн еншісінде қалғанына көкірегің қарыс айырылады. «Абылайлап» атойлап, атқа қонып, ұлтарақтай жерін жауға таптатпауға жанын берген батырлардың, бертіндегі Ұлы Отан соғысындағы Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов сынды қаһармандардың ұрпағы біз бе деп ессіз ашынасың. Бауыржан Момышұлы: “Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір аза¬маттың асыл парызы, ардақты бо¬рышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес”, – деген еді. Осы бір ауыз ұлағатты сөз өскелең ұрпаққа елжанды, отаншыл болу міндетін жүктейді.
Ер азамат ретінде артылған жүктің ауырлығын сезініп, Отан алдындағы борышын өтеуге барған жас жауынгерлердің әскери Ант қабылдау рәсімі Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келді. Аудан орталығында орналасқан әскери бөлімге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 341 сарбаз әскери ант қабылдады.
Жан-жақтан ағылған ата-ана. Облыстан, ауданнан келген қонақтар. Бәрі де жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімін тамашаламақ ниетпен әскери бөлімге келген.
Арнайы бұйрық беріліп, жас сарбаздар ант беру рәсімін бастап кетті. «Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін!». Сап түзеген сарбаздардың жүрегінен шыққан осы бір жалынды сөздері дәтке қуат бергендей. Әрқайсысының жүзіндегі Отанға деген сүйіспеншілік көңілге медеу болғандай. Іштей қуаныш әрі толқыныс.
300-ден астам жас сарбаз ант қабылдап болған соң құттықтау тілектерге кезек келді. ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша Департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюпов, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, Сарыөзек гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Жанболат Аекенов, «Застава тарландары» Республикалық қоғамдық бірлестігі басқармасы бастығының орынбасары, запастағы полковник Дәулетқали Мамырхановтар жас сарбаздарға ізгі тілектерін арнап, Отан қорғаудың жауапкершілігі мол, абыройлы іс екенін ұғындырды. Аталған кісілер шекара шебінде борышын өтейтін әр жауынгерге, оларды нағыз азамат етіп тәрбиелеген ата-аналарына алғыстарын білдірді. Ата-аналар атынан қатардағы жауынгер Батырбек Асқарұлының анасы Альфия Өтеғалиева, Жамбыл Жұманбайдың әкесі Ерлан Бекмұратовтар сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Бір сәйкестігі Ерлан Бекмұратов дәл осы шекара басқармасында штаб бастығы, әскери бөлім командирі лауазымдарын атқарған екен. Енді міне, өзі қызмет еткен шекара басқармасына ұлы әскери борышын өтеуге келген. Жиын соңында полковник Ерлан Бекмұратовты сөзге тарттық. 2015 жылдан 2018 жылға дейін қазіргі Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында, кейіннен Жамбыл облысы Меркі шекара басқармасының бастығы лауазымдарын атқарған полковник Ерлан Жұманбайұлы бүгінде зейнеткер. Ол басқарған жылдары аталмыш шекара басқармасы 2 рет ҰҚК шекара қызметінің үздік шекара жасағы атанған. 2017 жылы ҰҚК ШҚ жауынгерлік дайындық іс-әрекеттері бойынша сайыста 1-орынды иеленген екен. Жары да осы салада еңбек еткен. Бүгінде ұлдарының үлкені Жамбыл да әке жолын жалғауды қалап, әскери борышын өтеуге келген. Бұдан ары қарай да осы салада еңбек етпек ниетте екен. «Бұл – баламның қалауы. Әскери қызметтің қиындығын жақсы біледі. Бала кезінен анасы екеуміздің жұмысымызды көрді. Енді өзі жүрек қалауымен осы салада еңбек етіп, еліме қызмет етсем деген ниетте. Мен баламның қалауын қолдаймын. Өйткені әрбір азамат еліне қызмет етуі керек», – дейді Ерлан Жұманбайұлы. Иә, әке жолын жалғауды арман еткен Жамбылға біз де тілеулес болдық.
Ант беру рәсімінде Астана қаласында орналасқан «С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінің сертификатына ие болған «Көктем – 2023» түлегі Бақытжан Исраилов пен Алматы қаласындағы «Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің сертификатына ие болған Ислам Муталиевтерге оқу гранттарының сертификаттары табысталды.
Ізгі тілектерден соң Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл бөлімшесі жеке құрамының орындауындағы «Мемлекеттік шекара бұзушыларды ұстау» және «Қоян-қолтық ұрысының әдістері мен тәсілдері» көрінісі келген қонақтарға көрсетілді.
“Ерім” дейтін ел болмаса, “елім” дейтін ер қайдан шықсын?”, – демекші, бүгінгі таңда кей жастардың әс¬керге баруға, Отан алдындағы қасиетті де қастерлі парызын өтеуге құ¬лықсыздық танытуы патриоттық тәлім-тәрбиенің кемдігінен деп жатамыз. Бірақ біз шекара басқармасындағы жалынды жастарды, қайсар ұлдарды, елжанды сарбаздарды көргенде ел ертеңінің еңселі болатынына сендік. Лайым, ер қорғайтын ұландарымыз ұлтың қамын ойлайтын ұлдарымыз, антына адал сарбаздарымыз көп болғай!
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы