Өңірлердегі ІT-стартаптарды қолдау және инновациялық жобаларды дамыту мақсатында Қонаев қаласында алғаш рет өңірлік хаб іске қосылды. Облыс тарихындағы аса маңызды сәтке куә болуға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Әсіресе инновациялық жобаларға қызығушылық танытып, цифрландыру бағытына талпынған жастардың көптігі көңіл қуантты. Облыс орталығындағы жайдарман жаңалыққа ортақтасып, жаңа ғимараттың тұсауын кесуге облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов пен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, халықаралық «Astana Hub» технопаркінің басқарушы директоры Даяна Ахметова арнайы келді.
Халықаралық «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен ашылған «Аlatau Hub» аймақтағы инновациялық жобаларды әзірлеп, IT-саладағы кадрларды оқыту және даярлаумен айналысады. Сондай-ақ, қазіргі таңда әлеуеті артып, қарқынды дамып келе жатқан ІТ саласын жандандырып, жергілікті IT-қауымдастықтарды – стартаптар, инвесторлар, тәлімгерлер қауымдастығын құрады. Салтанатты жиында алғашқы сөз кезегін алған Мұрат Бақыткерімұлы ІТ-хабтың бүгінгі күнге берері көптігін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде:
– Құрметті қауым баршаңызды «Astana Hub» халықаралық технопаркінің өңірлік филиалы «Alatau Hub»-тың ашылуымен құттықтаймын. Бұл жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін 100 мыңға тарта жоғары білікті IT мамандарды даярлау тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. IT хабтың ең бірінші міндеті – біздегі осы бастауыш стартаперлерді, инвесторларды, сонымен қатар осы IT мамандығы бойынша цифрлық жобаларды ілгерілетушілерді бір IT қауымдастыққа жинау. Мұнда тек IT мамандары үшін ғана емес, роботатехника, бағдарламалау сабақтарына қызығушылық танытатын оқушылар үшін де бар мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар бұл мекемеде түрлі форматтағы кездесулер, презентациялық жиындар, тағы басқа да шаралар өтіп тұратын болады. Сол себепті осы сәтті пайдалана отырып, жаңа ғимараттың материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға көмектескен «Sergek Group», «Интегро» компанияларына өз алғасымызды білдіреміз, – деп «Alatau Hub»-тың өңірдің цифрландыру бағытына үлкен септігін тигізетін мекеме болатынына сенім білдірді.
Келесі сөз кезегін алған Асхат Ермекұлы ІТ-хаб жастардың білімін көтеріп, болашағын дамытуға мүмкіндік беретін бастама екенін жеткізді. Сондай-ақ қала әкімдігі тарапынан орталыққа, онда оқуын дамытатын балаларға қажетті көмектер көрсетілетінін алға тартты.
Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартаптардың халықаралық технопаркі «Astana Hub»-тың басқарушы директоры Даяна Ахметова да тарихи сәттің маңыздылығы туралы өз ойымен бөлісті.
– Баршаңызды бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтаймын. Біз «Astana Hub»-та 14-ші аймақтық хабты, физикалық аймақтық хабты ашып отырмыз. IТ саласын дамытуға атсалысып жатқан облыстық әкімдікке, жергілікті атқарушы органдарға және өз серіктестерімізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Өңірлік хабтарды дамыту – біздің стратегиялық міндеттеріміздің бірі. Біз дарынды жастарды тартамыз, олар өз стартаптарын одан әрі дамыта алады. Сондай-ақ өз IT компанияларын ашып, халықаралық нарықтарға шыға алады, – деп ІТ-хабтың мол мүмкіндігін сөз етті.
Салтанатты жиынның құрметті қонақтары жаңа нысанның лентасын қиып, мекеменің ішін аралап, робототехникаға қызығушылық танытқан оқушылардың туындыларын тамашалап, цифрландыру бағытындағы жаңа құрылғылармен танысты. Сонымен қатар ғимарат ішіндегі жаңа мүлік пен жаңа жиһаздарға, пайдалану құралдарына жоғары баға беріп, ІТ-хабқа келушілерге жасалған жағдайды оң бағалады.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы