Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша кеңес мүшелері Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік істі қарады. Бұл мәселе жайында баяндама жасаған кеңес хатшылығының бас маманы А.Мұхтарова қызметтік тергеу барысында биыл 24 наурыз күні сағат 13:30 шамасында ауылдық округ аумағында өткен іс-шара кезінде ауыл басшысының шағымданушымен жанжалдасып қалғаны және ауылдық округ әкімінің қызметтік этиканы бұзғаны анықталғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде сөз алған ауыл басшысы халықпен кездесу кезінде аудан әкімі мен басқа да лауазымды қызметкерлерді балағаттап, дау-жанжал шығарып, мәмілеге шақырушыларға дөрекілік танытқанын мойындайтынын жеткізді. Сонымен бірге балағаттап, өзінің де ар-намысына тигені үшін сотқа қарсы арыз бергенін, алайда оның сот отырысына келмей қалғанын тілге тиек етті. Бұл мәселені таразылап, сарапқа салған кеңес мүшелері Әдеп кодексіне сәйкес, қандай жағдай болса да, мемлекеттік қызметкердің арандатуға ермей, дөрекілік танытпай, барлығын заң аясында шешу керектігін алға тартып, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолдану жөнінде ұйғарымға келді.
Келесі кезекте қызмет нәтижелері туралы баяндама жасаған Қазақстан Республикасы сот әкімшілігі департаментінің облыс бойынша әдеп жөніндегі уәкілі Б.Шанкереев әдеп нормаларын түсіндіру бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқтала келе, қызметкерлердің санаты басқа мемлекеттік органдармен салыстырғанда төмен және жалақысы аз екеніне кеңес мүшелерінің назарын аударды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Е.Әбитовтің есебі тыңдалды.
– Бүгінгі күнге дейін Әдеп жөніндегі кеңестің 17 отырысы өткізілді, онда 180-нен астам мәселе, оның ішінде 152 тәртіптік іс қаралды. Кеңес мүшесі ретінде мемлекеттік қызметкерлер арасында әдеп нормаларын түсіндіру жөнінде және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында бірқатар кездесу мен көшпелі отырыстар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Мәселен, Талғар, Іле, Қарасай аудандарында өткен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу профилактикасы және мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша көшпелі кеңес отырыстарына қатыстым. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасымен бірлесіп, Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында бірқатар мемлекеттік қызметшіге жаңа Әдеп кодексін түсіндіру мақсатында кездесу өткіздім, – деген кеңес мүшесі өзі ұйытқы болған басқа істер жайын әңгіме арқауына айналдырды. Кеңесте барлық мәселе ашық және әділ түрде қаралып жатқанын тілге тиек етіп, отырыстың моральдық тұрғыда негізделген шешімдер қабылдауға, басқалардың мүдделерін ескере отырып, әрекет етуге септігін тигізетінін айтты.
Жиын соңында кеңес мүшелері алдағы отырыстарды аудандарда өткізуге уағдаласты.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы