Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Аталған эконауқан аясында шаһардағы саябақтарға, ескерткіштердің маңына, көше бойына 70 мың гүл егілді. Бұл туралы «Жасыл қала Қонаев» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Марк Бейдали мәлімдеді.
Сондай-ақ ол кәсіпорынның жыл басынан бері 500-ден астам ағаш отырғызғанын атап өтті. Жасыл желектердің күтімі де ерекше.
«Барлық ағашты күтіп ұстау, жерсіндіру мақсатында оларды дәрумендермен суарып жатырмыз. Микроэлементтердің адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ, аллергия тудырмайды», – деді Марк Бейдали.
Кәсіпорын директорының сөзінше, қала тазалығын сақтауға күнделікті 150 адам мен 25 техника жұмылдырылады.
«Ағаштарды санитарлық мақсатта кесумен де айналысамыз. Ол үшін тұрғындар пәтер иелері кооперативтеріне өтініш тастауы қажет. Кейіннен сол өтініштер бойынша кесте әзірленіп, жұмыс атқарылады», – деді мекеме басшысы.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясына 22 830 тұрғын қатысып, 2251 ағаш отырғызылған болатын.