Қарасай ауданы Шамалған ауылында орналасқан «Үшқоңыр» спорт кешенінің мәжіліс залында Алматы облыстық мәслихатының тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және сәулет, көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссияның көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев бастаған халық қалаулылары, сонымен қатар аймақтағы басқарма басшылары, Жамбыл және Қарасай аудандық мәслихатының депутаттары қатысты.
Облыстық мәслихатының депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы Дәулет Жарасбаев жүргізген алқалы жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы бюджеттің орындалуы туралы баяндаманы облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айгөзова жасады. Ол бюджеттің орындалу барысындағы олқылықтарға кеңінен тоқталды.
– Бюджеттің атқарылуына тоқталмас бұрын, шығыстарды қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізу кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жүйелі түрде жіберетін қателіктерін жариялауға рұқсат етіңіздер. Ай сайын бюджет қаражатының 5-10 пайызы игерілмейді. Бұл облыс иммиджіне кері әсерін тигізуде. Бұл ретте жоспарды орындамаған рекордшылардың алдында білім басқармасы тұр» – деді Гүлнар Айгөзова. Оқушыларға берілетін ыстық тамақтың төлемдерін кешіктіру, жылдан-жылға ауыспалы болып келе жатқан күрделі жөндеу жұмыстары мен жаңадан салынып жатқан мектептердің сақалды құрылысқа айналуы қалыпты жағдайға айналып отыр. Мектеп ғимараттарының құжаттарын рәсімдеуден бастап, мердігер компаниялардың өз міндеттерін дұрыс атқармауына дейін орын алатын кемшіліктер қолбайлау болып келеді.
Баяндамашы өз сөзінде облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі, энергетика және ТКШ, денсаулық сақтау, спорт және дене шынықтыру, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларында күрделі жөндеу мен құрылысқа арналған қомақты қаражаттың уақтылы игерілмей келе жатқанын бүкпесіз жеткізді. Көшпелі отырысқа келген депутаттар аталған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау үшін атқарылатын шаралар жайында өз ойларын ортаға салған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Алматы облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рақыш Байжұматов баяндады. Өлкеміздегі газ тасымалдау саласын дамыту барысында жасалып жатқан жұмыстар жайын тарқатып, 2030 жылға дейін 294 елдімекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жеткізді. Биыл 20 мыңнан астам тұрғыны бар 21 ауылда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жиында Шелек – Кеген – Нарынқол бағытындағы жерасты газ құбырын тарту мәселесі де сөз болды.
Спорт, мәдениет нысандарын дамыту, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру, Қонаев қаласы бойынша кешенді даму жоспары мәселелерін қамтыған баяндаманы облыстық құрылыс басшысының орынбасары Аят Сәбитов жасады. Жыл соңына дейін 4 спорт нысанының құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Сонымен бірге Алматы – Бішкек күре жолының 19-шы шақырымында орналасқан республикалық олимпиадалық дайындық базасының инженерлік-коммуникациялық жүйелерін жүргізуге арналған құжаттар мемлекеттік сараптамаға жолданған.
Мәдениет нысандарын дамыту бағытында Қарқара, Бөлексаз, Жамбыл ауылдарында Мәдениет үйлері салынып жатса, денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасына орай 24 жоба мемлекеттік сараптамадан өтуге жіберіліп, 11 жоба мақұлданған. Қазіргі таңда үш нысанға қажетті қаржы бөлінген. Ұлттық жоба аясында инженерлік-коммуникациялық желілер мен абаттандырудың 38 нысаны бойынша қорытынды алынып, мердігер ұйымдар анықталуда.
Сол сияқты Қонаев қаласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 2023 – 2027 жылдар аралығында 189 құрылыс жобасын іске асыру көзделген. Оның ішінде Соның 58-і әкімшілік және әлеуметтік-мәдениет, 93 жоба инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына арналған. Сонымен қатар баяндамашы жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен қаржыландырудағы олқылықтарды да тілге тиек етті.
Алқалы жиынға қатысқан халық қалаулылары жасалған баяндамаларды қызу талқыға салып, жіберілген қателіктерді сын тезіне салды. Соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қарар қабылданып, тиісті шешімдер шығарылатыны жеткізілді.
Бұдан кейін депутаттар Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылдық округінің «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. 2022 жылы басталып, мердігер компанияның жауапсыздығынан әлі күнге дейін аяқталмай келе жатқан нысанды аралап көріді. құрылысқа жауапты мамандарды әңгімеге тартып, жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына ықпал ететін маңызды ғимаратты биылғы оқу жылының басталуына дейін аяқтап, пайдалануға беру қажеттігін қатаң ескертті.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы