Бала – бақыт, бала – шаттық, бала – нұр. Бала – адамзат ұрпағының жалғасы, өмірдің гүлі, көздің нұры. Осынау ғаламды нұрлы ететін бүлдіршіндерді қуантқаннан артық қандай бақыт бар, бұл өмірде?
Балдырғандарға шаттық сыйлайтын сондай бір мерекелік шара Қонаев қаласының орталық алаңында «Бала деген – бір бақыт» тақырыбында өтті. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мереке салтанатты шерумен басталды.
Шеруді уақыт талабына сай тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, танымдық қабілеттерін дамытып, жеке тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан балабақша бүлдіршіндері бастады. Білім берудің іргетасы саналатын бастауышта барлық жақсы қасиеттер мен алғашқы ғылыми білім дағдыларын бойларына сіңіріп жатқан 1-4 сынып оқушылары әрі қарай жалғастырды. Одан кейін түрлі деңгейдегі дүбірлі додаларда топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген жас спортшылар мен облыс, республика, халықаралық білім бәйгелерінде талантымен танылған дарынды оқушылар шерулетіп өтті. Мерекелік шеруді әскери қызметтің қыр-сырын үйреніп, дағдыларын шыңдап, келешекте Отанына қызмет ететін тұлға болып қалыптасып жатқан әскери-патриоттық сыныптың шәкірттері аяқтады.
Балалар шығармашылық орталығының бишілері «Достық» биін билеп, хордың орындауында «Ана» әні шырқалған соң, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов сахнаға шығып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
– Бүгінде облыс орталығында 20 мыңнан астам бала бар. Олардың арасында үлкен додаларда өңірдің намысын қорғап, жыл басынан бері 100-ден аса медальға ие болып, жерлестерін қуантып жүрген жас спортшыларды мақтанышпен айта аламыз. Қалада білім алатын 13 290 оқушының 500-ден астамы облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға қол жеткізді. Еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан Қонаев қаласында жыл сайын балалар және футбол алаңдарын абаттандыру, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын заманауи жарақтандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді қала әкімі.
Сахнада балалар шығармашылық орталығы мен Асыл» шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері және орта мектептердің өнерпаз оқушылары өз өнерлерін көрермендер назарына ұсынды. Орталық алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары мектеп оқушыларының және балабақша тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары қойылған көрмені тамашалады. Мектеп жасындағы балалар Қонаев қалалық кітапханасы ұйымдастырған «Мақал – сөздің мәйегі», «Тез оқуды үйреніңіз» байқауларына белсене қатысып, Алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Қалалық орталық саябақта «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мұрындық болуымен «Бар мейіріміміз – балаларға!» тақырыбында мерекелік шара ұйымдастырылды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар аниматорлармен бірге ойын ойнап, ән салып, би билеп, мәре-сәре болды.
Мерекелік шара аясында қалалық «Ана сәулесі» көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігі «Әкем, анам және мен» атты отбасылық эстафеталық сайыс өткізді. Алты кезеңнен тұратын сайыс қорытындысында Жиенбаевтар отбасынан құралған «Барыс» тобы 1-орынды жеңіп алды. Қарабековтердің отбасы мүшелерінен жасақталған «Сиқырлы таң» тобы 2-орынды еншілесе, Кадіровтар отбасының «Бірлік» тобы жүлделі 3-орынды иеленді. Жеңімпаз командаларға кубок пен Алғыс хат, ақшалай сертификат табысталды.
Қала әкімі Асхат Бердіханов пен орынбасары Сәуле Нұрсолтанова бұл күні балдырғандар ортасынан табылып, орталық алаңның әр жерінде өтіп жатқан көрмелер мен түрлі шараларды аралап көрді.