Бүгінде қарашаның басына қандай да бір жағдай түссе, әкімнің алдына барады. Қолында көмектесе салар қаржысы, бөле салар бюджеті болмаса да кез-келген жанға жылы сөз айтып, жанына үміт сыйлап шығарып салып, амалсыздан шақшадай басы шарадай болатын да әкімдер. Ауылдағы ағайынның арасындағы дауға да, егіндігі құрдымға кетсе бауға да, малы өріске шықпаса тауға да шапқылайтын әкімдер. Жетімі мен жесірін түгендеп, жақсысы мен жайсаңын жария етіп те жүретін әкімдер. Шын мәнінде әкім болу – кабинетте отырып мәселе шешу ғана емес, елмен етене араласа жүріп, халықтың қамын күйттеу. Әсіресе ауылдарда әкімдік міндет шашетектен. Қашан көрсеңіз де әкімдердің ойға да, қырға да шапқылап жүргені. Сондай ел қамын жеген мемлекеттік қызметшінің бірі – Ұйғыр ауданындағы Сүмбе ауылдық округінің әкімі Бекболат Солтанбаев.
Ол өзі туып-өскен Сүмбе ауылында 6 жылдан бері әкім болып қызмет атқарып келеді. Ауыл азаматтары Бекболат Солтанбаев әкім болып келген күннен бастап, көптеген өзгерістің болып жатқанын айтады. Ең бастысы, ауылдағы ағайынның бірлігі ыдырамаған, қайта беки түскен. Ауылдық округте Сүмбе, Шошанай атты елдімекендер бар, онда 4000-ға жуық тұрғын тұрады. Кімнің қандай мәселесі бар, кімге көмек қажет, міне, осының бәрін дер кезінде аңғарып, шынайы жанашырлықпен қарайтын әкімнің жұмысын жоғары бағалайтындар көп-ақ бұл ауылда.
Ауылға ауыз су тартылып жатқанына биыл – үшінші жыл. Күнделікті жұмысын сол құрылыстың басынан бастайтын Бекболат Мелісұлы ең басты мәселе жұмыстың сапалы жүруі, мемлекеттен бөлінген қыруар қаржының шашау шықпай, діттеген орнына жетуі екенін алға тартады. «Мемлекеттік қызметкер үшін басты қасиет не?» деген сауалымызға: «Әр істе жауапкершілікті, адалдықты алға ұстағанда ғана алғыс арқалайсың, әрі жұмысың өнімді болады. Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал», – деп бізбен ой бөлісті кейіпкеріміз.
Бекболат Мелісұлы мемлекеттік қызметші кез-келген орында, лауазымда, қандай жағдайда болсын, ел азаматтарының сенімін жоғалтпай жұмыс істеуі керектігін өзіне басты қағида еткен жан. Әкім болу зор жауапкершілік екенін, ол әрқашан әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісін көрсетуі керектігін де жадынан шығармаған.
Жылдар бойы мемлекеттік қызметкер ретінде халыққа адал қызмет етіп келе жатқан, бүгінде асқаралы 60 жасқа таяған Бекболат Мелісұлына халықтың сенімі зор. Артынан еріп, тәрбие алып жатқан жас мемлекеттік қызметшілер де ағаның өмірлік тәжірибесінен өнеге алып қалуды мақсат тұтады. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы