Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы өңірдің ақпарат саласы қызметкерлерін марапаттады.
Жиында партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев облыстың ақпарат саласының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.
Оның айтуынша, демократиялы қоғам орнатуда, мемлекетті дамытуда журналистиканың маңызы зор. Кезінде Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ой түйіндеп, журналистика саласының маңызы тереңде екенін айтқан. Қазір ақпараттық технология дамып, газет, телеарна радиодан бөлек интернет сайттары мен порталдардың жұмысы күшейді, жаңалықты жедел ұсынудың жолдары көбейді. Әлеуметтік желілердің өзі ақпарат таратуда маңызға ие болып отыр. Журналистика саласына артылар жүк ауырлап, «төртінші билік» өкілдерінен біліктілік пен шапшаңдық, шынайы отаншылдық талап етілуде.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде біз жаһандық даму көшінен қалмай төрткүл дүниедегі оқиғалардан дер кезінде хабардар болып отырсақ, ол ең бірінші ақпарат айдынында жүрген журналистердің еңбегі. «AMANAT» партиясы мен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының тығыз ынтымақтастықтығы арқасында газет беттерінде маңызды мақалалар, телеарналар мен әлеуметтік желіде өзекті тақырыптар көтеріліп, бұқараға жария болуда. Кәсіпке деген адалдықтарыңыз, болып жатқан жаңалықтарды тұрғындарға жеткізіп, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге зор үлес қосып келе жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс пен еңбектеріңізге жеміс тілеймін!», – деді Қуат Байғоджаев.
Елдегі жетекші саяси партия саналатын «AMANAT» партиясы көптеген қоғамдық, саяси, әлеуметтік бастамаларға ұйытқы болып жүр. Мәселен, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін «Жер аманаты» жобасы аясында облыста мыңдаған гектар жер ел игілігіне өте бастады. Ал биыл көктемде басталған қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы «Таза Қазақстан» жобасы көпшіліктің қолдауына ие болып, елдімекендерді таза ұстау бастамасы жақсы үрдіске айналып келеді.
Шара барысында аймақтағы ақпарат саласының бірқатар майталмандарына, атап айтсақ «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттерінің бір топ журналисі мен фототілшісіне «AMANAT» партияcының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаевтың Алғыс хаты табысталды.