«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, аудан көлемінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын шаруашылықтар қысқы мал азығын дайындау мақсатында шөп шабу жұмыстарына кірісіп кеткен. Қысқы мал азығын дайындау – бүгінгі күннің басты мәселесі болғандықтан, бұл жұмыс үнемі аудан әкімінің назарында. Сондықтан да осы салаға жауапты мамандар шөп ору науқанын жіті бақылап, үнемі ат үстінде жүр десек те болады.
Ауылшаруашылық саласы мамандарының айтуынша, биылғы жылға аудан бойынша 28902 гектар суармалы жерге егін егу жоспарланған. Ал оның 15401 гектарында көпжылдық шөп өсіп тұр. Бүгінгі таңда жоңышқа алқабының 7415 гектары шабылса, 6900 гектары бастырылып, орташа есеппен әр гектарына 15 центнерден айналуда. Қысқы мал азығына 24150 тонна шөп дайындалған.
Шөп шабу науқанында белсенділік танытып жатқан шаруашылықтар қатарында «Бірлік» Агрофирмасы» ЖШС, «Динара» өндірістік кооперативі және «Марат» шаруа қожалығы қамшы салдырмай, көш бастап келеді. Кейбір жекелеген шаруашылықтар да әлдеқашан бірінші орылымды аяқтап қойған.
Қысқы мал азығын дайындау жұмысына білек сыбана кіріскен шаруашылықтардың бірі – Миялы ауылдық округіне қарасты «Береке» шаруа қожалығы. Аталмыш шаруашылықтың жұмыс қарқынын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаевпен бірге барып көрдік. Біз атбасын бұрған шаруашылық шөп ору науқаны басталғалы қысқы мал азығына 1 600 орама шөп дайындап қойыпты.
Шаруашылық басшысы Асқар Сейдахметов 3000 орама бастыруды жоспарлап отыр. Өйткені бұл шаруа қожалықта 520 бас қой, 150 бас сиыр және 87 бас жылқы өсіріледі.
Сапар барысында шаруашылық басшысы жаңадан бастырылған балауса жоңышқаның сапасы жайында әңгіме өрбітіп, қыс айларында оның құнарлы болатынына сенім білдірді. Күннің аптап ыстығына қарамастан қысқы мал азығын дайындап, еңбектің қарақазанын қайнатып жатқан «Береке» шаруа қожалығының механизаторларының атқарып жатқан жұмысы өте күрделі десек те болады. Ол жерден аңғарғаным, шаруашылықтағы «МТЗ-80» тракторларының біріне шөп тиегіш орнатылса, екіншісіне шөп престегіш құрылғы тіркелген. Механизаторлар Мырзағали Байбеков пен Бақытқали Тынышбаев ауылшаруашылық техникаларының қыр-сырын жетік меңгерген. Ал шөп шабуға арналған «Е-216» комбайнын тізгіндеген Рахат Сарыбасовтың өз жұмысының шебері екенін аңғардық.
Дала қосында күндіз-түні тоқтаусыз еңбек етіп жатқан пішеншілердің қайсыбірін алсаң да он саусағынан өнер тамған еңбектің қара нарлары. Шөп ору науқанына біркісідей атсалысып жатқан пішеншілермен сұхбаттасқан аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Нұралы Сматұлы: «Мал шаруашылығы – ежелден қазақтың атакәсібі. Бұл істе атқарылар шаруа көп. Соның ішінде қысқы мал азығын дайындау – ең маңызды мәселе. Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай, мал шаруашылығы серпінді дами алмайды.
Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда да мал азықтандыру мәселесі көбіне табиғи жайылымдықтар мен шабындықтардың әлеуетіне әлі де тәуелді болып отыр. Жаңа технологиялар бізге мал азығын дайындау ісін қазіргі заман тұрғысынан толық шешудің тың мүмкіндіктерін ұсынғанымен, біз оны толық пайдалана алмай келеміз. Сондықтан да, алдымен мал азығының сапасын арттыру өте маңызды мәселе», – деді.
«Қыстың қамын жаз ойлайтын» шаруа қожалық басшылары күрең күз түскенше қажетті мал азығын жинап алатынына бек сенімді. Оған мүмкіндіктері бар екенін де алға тартып отыр.
Аграрлы ауданымызда мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар үшін биылғы жыл сәттілікке жол сілтеп тұр. Көктем айларындағы жауын-шашынның нәтижесінде жоңышқалық алқаптар мен дала шөптерінің өсімі жылдағыға қарағанда шүйгін. Сондықтан да шөп бағасы аудан тұрғындары үшін де көңіл көншітерлік десек те болады.
Беткейі малға толы, топырағы құнарлы, табиғаты шұрайлы құт мекеніміздің шөбі шүйгін, егіні бітік өссе, ырысымыз да арта түсері сөзсіз. Ендігі кезекте екінші орылымды уақытында бастап, қысқы мал азығын толыққанды жинап алу міндеті тұр.
Осылайша дала төсінде қызу жұмыс қарқын алуда. Біз сапар барысында осыған куә болып қайттық. Ел игілігі үшін жасалынып жатқан жұмыстардың жүйелі атқарылғаны – бәріміз үшін маңызды мәселе. Сондықтан да шөп шабу жұмысының дер кезінде аяқталуына атсалысып, күннің аптап ыстығына қарамастан дала төсінде жүрген диқандардың жұмыстарына тек сәттілік тілейік!
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы