Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алатау — тазалық айдынында: «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті

Алатау — тазалық айдынында: «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті

49 қаралым

Алатау қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Тазалық пен экологиялық мәдениетті ту еткен шараға қала әкімдігінің қызметкерлері, коммуналдық мекеме ұжымдары және белсенді қала тұрғындары біркісідей атсалысты.

Бірлескен еңбектің нәтижесінде қала көшелері мен қоғамдық аялдамалар қоқыстан толық тазартылып, шаһар ажары кіре түсті.

Таңсәріден басталған эко-шара барысында қатысушылар бірнеше жұмыс тобына бөлініп, бекітілген аумақтарды ретке келтірді. Әсіресе халық көп шоғырланатын орындар мен орталық көшелерге, жолаушылар күтетін аялдамаларға ерекше көңіл бөлінді.

«Таза Қазақстан» акциясы — бұл жай ғана бір күндік тазалық шарасы емес, бұл — туған қаламызға, қоршаған ортаға деген құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі. Қаламыздың таза әрі жайлы болуы әрбір тұрғынның өз үйіне, өз ауласына деген жанашырлығынан басталады. Бүгін аға буын мен жастардың бір сапта еңбек еткені қуантады.

Сенбілік барысында тек қоқыс жиналып қана қоймай, аялдамалардың маңдайшалары тазаланып, айналаны абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай эко-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.

Алатау қаласының әкімдігі барша тұрғындарды тазалықты сақтауға, қоршаған ортаны аялауға және осындай игі бастамаларға әрдайым белсенді қолдау көрсетуге шақырады. Өйткені тазалық — денсаулық кепілі, ал әдемі қала — бәріміздің ортақ мақтанышымыз!

Риза САУЫРБАЕВА,

қоғамдық кеңестің төрағасы

Алатау қаласы