Талғар ауданы Өстемір ауылында «Workout» спорт алаңы қолданысқа берілді. Осынау қуанышты сәтпен ауыл тұрғындарын құттықтаған аудан әкімі Таңат Айдарбеков ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт денсаулығын жақсартуға айрықша көңіл бөліп отырғанын, осыған орай барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттау, әсіресе балалар үшін қолжетімді ету керектігін атап өті. Осындай бастамалар аудан спортының дамуына үлкен үлес қосатынын жеткізді.
Бұл күні облыстық мәслихат депутаты Гүлжан Түсібиянова, «Республика» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек, республикалық «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядин, Талғар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Матан Бекбосынов, №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, грек-рим күресінен Азия және әлем чемпионы Ербол Қоңыратов, ҚР Құрметті спорт қызметкері, Талғар ауданының денешынықтыру және спортты дамыту орталығының басшысы Жандос Бұсұрманов ауыл жұртшылығын құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Бұдан соң заманауи спорт алаңы салтанатты түрде ашылды.
Ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары сөз алып, жас ұрпақтың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасау салауатты ұлт қалыптастырудың маңызды шарты екенін айтты. Сондай-ақ бұл игі іске қолдау көрсеткен аудан әкімі Таңат Есенкелдіұлы мен «Сегіз көл» демалыс орталығының басшысы Виталий Кимге алғысын білдірді.
«Стрит воркаут» – әртүрлі спорттық құрылғылар орнатылған ашық аспан астындағы алаң. Оның мағынасы ағылшын тілінен аударғанда «көше жаттығуы» деген мағына береді. Ол – денсаулықты жақсартуға, сымбатты болуға ықпал етеді. Мұнда белтемір, қоссырық, қырлы бөрене, швед қабырғасы, көлденең баспалдақ секілді қарапайым құралдар қойылғандықтан, көп қаражатты қажет етпейді әрі қолжетімді болып келеді. Воркаут – алғаш Грекияда пайда болып, Ресей, Батыс Еуропа, АҚШ-та кеңінен таныла бастаған. Оларды көше спортшылары, воркаутер, аула гимнастшылары, белтеміршілер деп те атайды. Ал біздің елімізде бұл спорт түрі 2009 жылы тарай бастаған. Осы спорттан Қазақстанның абсолютті чемпионы, кейін әлем чемпионы атанған Дияс Биджиев бұл жетістікке жету үшін төрт жылын жұмсапты. Шараға қатысқан қонақтар мен Өстемір тұрғындары бұл ауылдан да осындай чемпиондар шығатынына сенімді.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы