Қонаев қалалық әкімдігінде облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында өңіріміздің өркендеуі мен аймақ экономикасының даму жайы сараланып, облыстағы жетістіктер мен өсім көрсеткіштері талқыланды. Күн тәртібінде келелі үш мәселе көтеріліп, табиғаттың тазалығы тілге тиек етілді, құрылысы баяу мекемелер тізбегі таныстырылды. Сондай-ақ өңіріміздегі жол сапасы мен осы орайда атқарылған істер айтылды.
Жиынды ашып, жүргізген кеңес төрағасы Ескелді Қасымов алдымен еңбегі елеулі кеңес мүшелерінің кеудесіне медаль тағып, ел үшін қызмет атқарған бірқатар азаматқа құрмет көрсетті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өңіріміздегі экологиялық проблемаларды тізбелеп, оларды шешу жолдарын алға тартты. Биылғы алты айдағы көрсеткіш бойынша облыста қоршаған ортаның жағдайы бірқалыпты екенін, қауіпті, қатерлі, апатты, қолайсыз экологиялық жағдайлардың орын алмағанын жеткізді. Сондай-ақ атмосфераның ластануы да болмағанын айтты. Шешімін табуы қажет экологиялық мәселелерді де тізбелеп өтті. Олардың қатарында атмосфералық ауаның ластануын төмендету, тұрмыстық қатты қалдықтарды, құрылыс қалдықтарын басқару, су ресурстарын тиімді пайдалану, «Сорбұлақ» кәріз ақаба су жинағышына қатысты мәселелерді қарастыру, елдімекендерді көгалдандыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жайы бар. Ол өз сөзінде:
– Өңіріміздің негізгі экологиялық проблемалары картасы 2023-2025 жылдарға арналып бекітілген. Ол 5 бағыттан тұрады. Онда жылу және энергия өндіретін кәсіпорындардың шығындарын азайту, жеке тұрғын үйлерді, өндіріс ошақтарын, қазандықтарды газға көшіру, көгалдандыру, су ресурстарын реттеу, қалдықтарды басқару мәселелері қамтылған. Аталған бағыттарды іске асыру мақсатында 13 іс-шара бекітілген, – деп департаменттің қазіргі атқарып жатқан жұмысын баяндады. Баяндаманы тыңдаған кеңес мүшелері толғандыратын мәселелер жөнінде өз сауалдарын жолдап, ұтымды жауап алды. Аталмыш сала бойынша ауқымын күшейтетін бағыттарды да белгілеп, бірігіп жұмыс атқару қажеттігін алға тартты.
Күн тәртіндегі келесі мәселе бойынша облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамед-Ғаріп Құрманғалиев сөз алды. Оның айтуынша құрылыс басқармасының жылдық бюджеттік жоспары 167,0 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша 2024 жылдың 6 айына 29,6 млрд теңге қарастырылса, биылғы жылдың 30 маусымына 29,4 млрд теңге игерілген. Ғимараттардың құрылысы бойынша 38 нысанның 9-ына шарт жасалып, оның ішінде 3 нысан бойынша құрылысты бастау үшін 2024 жылы 609,8 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар 6 нысан және үлгілік бір нысан бойынша Үкімет резервінен қаражат бөлуге қолдау көрсетілген. Баяндамаға құлақ түрген кеңес мүшелері құрылысы баяу, тіпті тоқтап қалған ғимараттар жайлы өз сауалдарын жолдап, келесі отырыста анық та қанық ақпарат беруін сұрады.
Өз кезегінде сөз алған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұханбетов саладағы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды. Алматы облысындағы жалпыға ортақ пайдаланымдағы жолдардың ұзындығы – 5 715 шақырым. Басқарма басшысы 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 91 пайызды құрайтынын тілге тиек етті. Биыл облыстық маңызы бар 157,9 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланғанын айтып, жол жөндеу шаралары жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қоғамдық кеңес мүшелері өңіріміздің кейбір елдімекендерінде ағымдағы жол жөндеу жұмыстарының әлі басталмағанын айтып, оның қашан басталатынын сұрады. Басқарма басшысы барлық жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын, ал кейбір тұстағы қиындықтар қаржыға тіреліп тұрғанын тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған Ескелді Құдайбергенұлы бірлескен істе нәтиже барын айтып, басқарма басшыларын бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы