Қонаев қаласында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Мақсаты – жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға және болашақтағы кәсіби өсуіне қолдау көрсету.
Жәрмеңкеге облыстық төтенше жағдайлар және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, жастар ресурстық орталығы, қылмыстық атқару жүйесі мекемелері, орта мектеп-гимназиясы, А. Жұбанов атындағы №5 орта мектеп, «Балауса» бөбекжай-балабақшасы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы, қалалық аурухана, Шапық Шөкин атындағы «Қапшағай» ГЭС-і, «Қонаев су арнасы», «Жылу орталығы», «Freedom Finance», «Отбасы банк», «Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры», «Nauryz Agro LTD», «Агрофит», «Grend Land Alatau», «Аям», «Мансап» орталығы қатысып, 200-ден аса бос жұмыс орнын ұсынды.
– «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы шеңберінде жәрмеңке ұйымдастыру арқылы жастардың жұмыс табуын жеңілдеткіміз келді. Бүгінгі шараны облыстық жастар ресурстық және қалалық «Мансап» орталықтарымен бірлесіп өткіздік. Шараға қатысушы жастардың барлығы жұмыспен қамтылады деген ойдамыз. Бұл жәрмеңке жастардың еңбек нарығында белсенді болуын арттырып, мансаптық жолдарын қалыптастыруға көмектесетініне сенімдіміз, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев.
Жәрмеңкеге қатысушылар бос қызмет орнын ұсынған департаменттер мен басқармалар, коммуналдық мекемелер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдерінен жұмыс орындары жайлы ақпаратқа қанығып, керекті құжаттар тізбесімен танысып, түйіндемелерін тапсырып, сауалдарына жауап алды.
Қала тұрғыны Арайлым Тәкен «Nauryz Agro LTD» компаниясы тарапынан шақыру алғанын, бұл жерде жұмыс берушімен емен-жарқын әңгімелесіп, толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік мол екенін тілге тиек етті.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да өткізіліп, жастардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету жалғасады. Бұл игі бастама олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетін арттырып, болашақтағы қызмет жолын қалыптастыруға негіз болады.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы