Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлттық аспап дәріптелді

Ұлттық аспап дәріптелді

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде ұлттық руханият пен төл өнерді дәріптеуге арналған Ұлттық домбыра күні мерекесі кең көлемде аталып өтті. Тағылымды шараға аудан тұрғындары, өнерпаздар, ардагерлер қауымы қатысып, халқымыздың қасиетті мұрасы – домбыраның маңызын ұлықтады. Мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, қазақ халқының төл өнері мен ұлттық құндылықтарын сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол домбыраның халқымыздың тарихы мен мәдениетін, рухани болмысын айқындайтын қастерлі мұра екеніне тоқталып, ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып жүрген өнер иелеріне алғысын білдірді. Салтанатты шара барысында аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары күмбірлеген күйден шашу шашып, халық әндері орындалды. Көрерменге қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттайтын концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлттық мәдениеттің бай мұрасы кеңінен дәріптелді. Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен рухани тәрбиені сіңіруге арналған тағылымды шара болды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы