Ұйғыр ауданының аумағында Сібір жарасы ауруы шықты дегелі өңір жұрты біраз дүрлігіп қалды. Алып-қашпа әңгімелер де ел арасында желдей есіп жүр. Бірақ құзырлы органдар ақпараттың барлығы нақты емес екенін, тек ресми мәліметтерге ғана сенуге шақырды.
Ай басында Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен Ақсу ауылы тұрғынының Сібір жарасы ауруын жұқтырғаны анықталды. Бұл эпидемиологиялық жағдай болғандықтан, сол күні бірден жедел штаб құрылды.
Ең әуелі ауданның денсаулық сақтау саласы мамандары Үлкен Ақсу ауылдық округінде тіркелген 740 үйді толықтай тексеріп шықты. Үйлерді аралау және ауыл тұрғындарына қауіпті індеттің белгілері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында қолына белгісіз жара шыққан тағы бір ауыл тұрғыны анықталды. Ауру таралған және таралуы мүмкін аумақтар толығымен белгіленді. Аталған тұрғындармен тікелей байланыста болған азаматтар мен олардың үй-жайлары оқшауланды.
Осы жағдайға байланысты 2024 жылдың тамыз айының соңғы он күндігінде Үлкен Ақсу ауылдық округінде жергілікті ветеринарлық дәрігерге 3 бас ірі қара малдың уланып өлгендігі хабарланған. Ал Сібір жарасының белгілері анықталған жоғарыда аталған тұрғындар малдары белгісіз жағдайда ауырғандықтан, ауданның ветеринария қызметкерлеріне ескертусіз үй жағдайында өздері сойып алған.
2 қыркүйек күні де бақылау, тексеру, анықтау және алдын алу жұмыстары күшейтілді. Аудандық ветеринария бөлімінің Ақтам, Тиірмен, Ават, Қырғызсай, Шонжы ауылдық пункттерінің 40 маманы Үлкен Ақсу ауылдық округі бойынша 604 жеке аулаға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 1799 ірі қара мал, 2616 ұсақ мал, 278 бас жылқыны тексеріп шықты.
Ауру ошағында сойылған малдың еті тоңазытқыштағы барлық заттармен қоса алынып, терілері және сойған кезде қолданған құрал-саймандар (балта, пышақ, ет шапқан тақтай) аудандық ветеринария стансасының жылжымалы инсинераторында өртеу әдісімен жойылды.
Екінші жағдай бойынша Үлкен Ақсу ауылдық округінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Жырық тума» қыстауында сойылған малдың еті жөнелтілген бағыт, оның сақталуы, тұтынған адамдар, терісі мен басқа да қалдықтарын тауып жою, сынама алу бойынша полиция қызметкерлерімен анықтау жұмыстары жүргізілді.
3 қыркүйек күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым ауданға арнайы келді. Штаб мүшелеріне қажетті шараларды қабылдауды күшейту қажеттігі, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес сынамалардың қорытындысы шықса, карантин шектеулерін енгізуді тапсырды.
Бүгінгі күнде тұрғындар арасында Сібір жарасы диагнозымен он шақты азамат ауруханаға жатқызылды. Оның екеуі Алматы қаласында ем қабылдауда. Ең өкініштісі, осы азаматтар арасында кәмелетке толмаған балалар да бар. Науқастардың жағдайын дәрігерлер бірқалыпты, ауыр деп бағалап отыр. Тиісті ем-дом қабылдап жатыр. Сонымен қатар 32 азамат медициналық бақылауға алынып, денсаулықтарын арнайы мамандар қадағалауда. Ауру ошақтарынан жүн, тері, ет, шөп, малдың нәжісі, шайындылар, барлығы 68 сынама алынып, зерттеуге жіберілген. Оның ішінде 18-і Сібір жарасына оң нәтиже беріп, адамдарға аурудың мал арқылы жұққандығы дәлелденді. Мал жайылымдарынан 200 топырақ сынамасы алынды. Сібір жарасының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Аудандық ветеринариялық бөлімнің 14 ауылдық округтегі пункттерінің 90 маманы күшейтілген режимде Үлкен Ақсу, Кіші Ақсу, Долайты елдімекендерінде ақпараттық түсіндіру, ауруға күдікті малдардың бар-жоғын анықтау және Сібір жарасына қарсы егу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Үлкен Ақсу ауылында ауру жұқтыру ықтималдығы бар деген күдікпен 55 ит пен 7 бас мысық ауланды.
Ауылдық округ аумағынан мал мен мал өнімдерін сатуға, сырттан округ аумағына бөтен малдар алып келуге және ветеринариялық анықтама беруге уақытша шектеу қойылды. Ават ауылына кіреберіс, Үлкен Ақсу аумағынан шығаберіс жағына 2 блокпост қойылып, округ аумағы толық бақылауға алынды. Бүгінде Үлкен Ақсу ауылдық округіне ауыл әкімінің шешімімен карантин шаралары енгізілді.
Жауапсыздық пен салғырттық сан соқтырды. Ауырған малын ветеринарлық дәрігерлерге хабарламастан сойып алып, пайдаға асыру салдарынан қаншама адам зардап шегіп жатыр. Арнайы мамандар әлі де топырақ сынамаларын алып, ауру ошағын анықтаумен айналысуда. Осындайда «Сақтансаң, сақтаймын!» деген сөз еріксіз еске оралады.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы