Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Алатау әуендері» ұжымы алматылық көрермендерге жаңа форматтағы концертін ұсынды. Жыл сайын «Ән бесігі – Алатау» атауымен ұйымдастырылатын ән кеші биыл режиссерлік шешімін тапқан толыққанды қойылым арқылы туған жерге, ұлттық дәстүрге, рухани құндылықтарды дәріптеуге баса назар аударған.
«Concordia» театр залы дәстүрлі және эстрадалық әндерді сағынып, ұлттық және заманауи биді тамашалауға келген өнерсүйер қауымға лық толды. «Алатау әуендері» шығармашылық ұжымы арнайы театрлық қойылым арқылы әр туындыға жан бітіріп, киелі сахнада шабыттана өлең оқып, әуелеген әнмен әспеттеді. Көрермендер өнерпаздардың талантына тамсанып, қайта-қайта қошеметпен қол соқты.
Концертке Казақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мирас Бекжанов, Мәдениет саласының үздігі Құралай Бекжанова, ҚР Мәдениет қайраткері Есенгелді Рза, «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, ұжым бишілері мен әншілері өздерінің кәсіби шеберліктерін паш етті. Жастардың бойына Отанға деген патриоттық сезімді қалыптастырып, төл өнерімізді дәріптеп, халыққа жоғары сападағы мәдени қызмет көрсету, рухани демалыс сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шара әр адамның рухын жанып, мерейін асқақтатты.
Айрықша айта кетерлігі, 1979 жылы композитор Әсет Бейсеуовтің жетекшілігімен «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі болып құрылған шығармашылық орта 2011 жылдың ақпан айында «Алатау әуендері» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына айналып, қайта жаңғырған. Бүгінгі таңда өнер ұжымында 68 қызметкер жұмыс істейді. Репертуарында Сүйінбай мен Жамбылдың жыр-термелері, қазақ сазгерлерінің, шетел композиторларының шығармалары, ұлттық би өнерінен бастап заманауи билердің қойылымы да кеңінен орын алған. «Өнерде шекара жоқ» дегендей, «Алатау әуендері» – республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Әсіресе, биыл өнер ұжымында берекелі де мерекелі сәттер көп болды. Облыс әкімдігінің қолдауымен Үндістан, Тәжікстан, Түркия, Франция мемлекеттерінде төл өнерімізді танытып қайтты. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарына, Шымкент пен Риддер қаласына гастрольдік сапармен барып, халықтың шынайы ықыласына бөленді. Міне, осындай абырой асқарында жүрген өнер ордасы бүгінгі концертін де өте жоғары деңгейде өткізіп, шығармашылық даму белесіне көтерілгенін аңғартты. Біз оны «Алатау әуендері» ұжымының әр туындысына орнынан тік тұрып қошемет көрсеткен, оларға құшақ-құшақ гүл шоқтарын табыстаған талғампаз көрерменнің ыстық ықыласынан байқадық. Ән мен жырдың бесігінде тербетілген өнерсүйер қауым ансамбльдің алар асуы мен бағындырар биігін бағамдап, ақ батасын беріп, айрықша сезіммен тарқасты.
Құралбек СӘБИТОВ