Газетіміздің 2023 жылғы 21 желтоқсандағы №140 санында «Шарында шешімін күткен мәселе көп» тақырыбымен Ұйғыр ауданындағы Шарын ауылы жайында мақала жазған едік. Онда 1976 жылы іргесі қаланған аудандағы ең үлкен Мәдениет үйінің әбден тозығы жеткенін, 2009 жылы жөндеуге деп бөлінген қаражаттың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін ашып айтқанбыз.
Одан бөлек, 1989 жылы басталып, тәуелсіздіктің алғашқы жылы пайдалануға берілген М.Хамраев атындағы орта мектептің бір бөлігі апатты жағдайда тұрғанын да жеткіздік. 2012 жылы күрделі жөндеуден өтсе де, білім шаңырағының «Е» блогы жарамсыз деп танылып, 2019 жылы техникалық қорытындымен жабылған болатын. Ал жыл басындағы жер сілкінісінен кейін тіптен жарылып, мектеп қабырғалары одан сайын қақырай бастаған. Сонымен қатар ауылдағы 50 төсекті аурухананың мүшкіл жағдайы да назардан тыс қалмады.
Биыл газет көтерген мәселелердің бірі Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Оған бюджеттен 460 млн теңге бөлінген. Ғимарат құрылысын «Бауыр құрылыс компаниясы» ЖШС қолға алды. 600 орынды өнер ордасының жөндеу жұмыстарына 32 жұмысшы тартылған. Жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Осыдан біраз уақыт бұрын ішінен әр кетіп, қабырғалары құлап, есік-терезелері сынып, қараусыз қалған ғимарат аз уақыт ішінде біршама өзгерген. Мәдениет үйінің директоры Матайхан Қыпшақбаева көптен күткен қуанышымен бөлісті.
«Шарын күннен-күнге көркейіп келеді. Аудандағы алдыңғы қатарлы ауыл десек, мақтанғанымыз емес. Бірақ осы мәдениет ошағының күйі жанымызға бататын. Қыста аядай бір бөлмеге тығылып, күнелтетінбіз. Шараларды өткізуге де мүмкіндік жоқ болатын. Енді, міне, халықтың айтқан ұсыныс-пікірі ескеріліп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан, облыс басшыларына айтар алғысымыз шексіз», – деп алғысын жаудырды.
Тапсырыс беруші – аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Құндыз Сабырбай жұмыстың дер кезінде әрі сапалы жасалуын бақылап отырғандарын, әзірге ешқандай шағым жоқ екенін жеткізді.
Жөндеу жұмысының техникалық қадағалау қызметіне «Сәулет-16» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 12 220 681.54 теңгеге, ал авторлық қадағалау қызметіне «Kaz Internation Compan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 4 693 814.72 теңгеге келісімшарт жасалған.
Мәдениет – ұлттың айнасы. Сондықтан өткенімізден тағылым алар, ұлттығымыздың бет-бейнесі болар мәдениетімізді құрдымға кетірмей, дамытуымыз керек. Ол үшін жер-жердегі есігінде қара құлпы тұрған Мәдениет үйлері мен клубтардың тынысын ашып, жаңа леп беруіміз керек. Жаңа кейіпке енген Шарындағы өнер ошағы ауыл ажарына айналып, жағымды жаңалығымен қуантарына сенім мол.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы