Перейти к содержимому
Главная страница » ШҰҒЫЛ ЖИЫН ӨТТІ

ШҰҒЫЛ ЖИЫН ӨТТІ

       Кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов Украина төңірегін­дегі жағдайға байланысты шұғыл кеңес отырысын өткізді. Жиынға жауапты сала өкілдері шақырылып, мемлекет қауіпсіздігін күшейту бойынша маңызды тапсырмалар берілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Шұғыл жиынға Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Сыртқы істер, Денсаулық сақтау, Көлік, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің басшылығы, басқа да жауапты орган мамандары қатысты. Басқосуда Олжас Абайұлы Мемлекет басшысы негізгі әскери және азамат­тық объектілердің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды міндеттегенін айтып, берілген тапсырмаларды орындау өте маңызды екенін алға тартты.
Кеңесте Премьер-Министр ең бірінші ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың есебін тыңдады. Еліміздегі әскери құрылымдарға жауапты министр стратегиялық және инфрақұрылымдық объектілерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет ұсынды. Бұл орайда Үкімет басшысы мемлекеттік орган­дардың іс-қимылын күшейтуге бағытталған бірқатар міндет қойды. Жиында тұрақтылық пен қоғам­дық тәртіпті сақтау, көлік қатынасы­ның қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге жан-жақты назар аударылды. Уәкілетті құрылымда­дың басшылығына Президенттің қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуын ерекше бақылауда ұстау және жағдайдың өзгеруі туралы шұғыл режимде баяндау тапсырылды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР