Бүгінде үйінде бала-шаға қамымен отырған қарияларымыздың күндерін қызықты өткізудің түрлі амалы қарастырылуда. Соның бірі – еліміздің барлық аймағында ашылып жатқан белсенді ұзақ өмір сүру орталығы. Аталған мекеменің негізгі мақсаты – зейнет жасындағы адамдардың белсенділігін арттыру, мәдени-шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, олардың физикалық және психологиялық саулығына ықпал ету арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыру.
Биыл Қаскелең қаласында осындай бір тамаша орталық аудан зейнеткерлері үшін өз есігін айқара ашқан еді. Қарасай ауданының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорының бірлесуімен жұмысын бастаған бұл мекеме бүгінде ауданның қарт тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлап, олардың бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік жасауда.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры Мадина Сауытбекованың айтуынша, осындай мекемені ашу оның бұрыннан ойында жүрген. Алайда қаражаттың аздығына байланысты бұл бастаманы жүзеге асыру мүмкін болмаған.
– Жалпы белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу жайлы ой маған әжем қайтыс болғаннан кейін жалғызсырап қалған атама қарап жүрген кезде келген еді. Жыл өткен сайын достары азайып, баратын жерінің де қалмағаны ол кісінің денсаулығына кері әсер етіп жатқанын жақсы түсіндім. Содан қарияларға арналған бір орталық керек деген шешімге келдім. Бірақ ол уақытта орталық ашуға мүмкіндігім болмады.
Біраз жыл өткен соң ауданымызда осал топтағы аналарға қолдау көрсететін «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорын ашып, әртүрлі әлеуметтік бағыттағы жобаларды іске асырумен айналыстым. Кейіннен «Жанұя» отбасын қолдау орталығына директорлық қызметке тағайындалдым. Сол кезде ойымда бұрыннан жүрген зейнеткерлерге арналған жақсы бастаманы іске асыруды қолға алдым. Осылайша «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорының бірлесуімен ауданымыздағы алғашқы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды, – деді Мадина Маратқызы.
Уақыт өткен сайын келушілер саны артып келеді. Өйткені мұнда зейнеткерлер өз ортасын табуда. Бәрі замандас жандар, тек ер адамдар қатары аз. Орталықта ата-әжелер үшін жақсы жағдай жасалған. Әсіресе мұнда келушілердің көңілінен шығатыны – фитнес-орталығы. Онда емдік денешынықтыру, сауықтыру бағдарламасы негізге алынған. Барлық жаттығу Қазақстанның кикбоксинг федерациясының мүшесі, талай жыл спорт саласында жүрген жаттықтырушы Медина Горбачеваның бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Ол әр ардагермен жеке сөйлесіп, оның жағдайын, қан қысымының деңгейін, созылмалы аурулардың болуын және дәрігерлер ұсынған шектеулерді ескере отырып, жаттығулар жасатады.
– Менің сауықтыру бағдарламам тек денсаулықты жақсартуға бағытталған. Ол қан айналым жүйесін ретке келтіріп, зейнеткерлердің өзін сергек сезінуіне көмектеседі. Оның үстіне қатысушылардың бәрі зейнет жасындағылар болғандықтан, әр жаттығуды ойластыра отырып беруге тура келеді. Жаттығу аптасына екі рет өтеді. Айналысып жүрген бөлмеміз шағын. Сондықтан, бір сабаққа 6-7 адам ғана қатыса алады. Бүгіннің өзінде бірнеше тобым бар, тағы 15 зейнеткер кезекте тұр. Келгісі келетіндер көп, әсіресе әжелеріміз қызығушылық танытады. Алғаш келгенде біреуінің тізесі, енді біреуінің белі, аяғы ауырса, бірнеше сабақтан соң жағдайлары жақсарып қалады. Басында жай көрейін деп келгендер 3-4 сабақтан кейін жақсы нәтижені байқап, кейіннен қалмай қатыса бастайды, – деді Медина Горбачева.
– Алғаш келгенімізде жаттығуларды көріп, жүрексінген едік. Алайда 2-3 рет қатысқан соң, өзімізді жақсы сезіне бастадық. Таңертең басымыздың ауырғанын, қан қысымымыздың біресе жоғарылап, біресе төмендеуін, бел, тізе сырқатын, артроз, артрит деген ауруларымызды ақырындап ұмыта бастадық. Сондықтан әр сабаққа уақытылы келіп, өткізіп алмауға тырысамыз. Әсіресе бізге әрқашан жақсы жігер беріп отыратын жаттықтырушымыз Мединаның арқасында әр сабағымыз қызықты өтеді, – деді фитнес-орталығының қатысушылары.
Бұдан бөлек мекемеде бос уақытты қызықты ұйымдастыруға бағытталған үстел ойындары бар. Онда ардагерлер дойбы, шахмат, нарды, тоғызқұмалақ ойнай алады. Сондай-ақ есте сақтау қабілетін жақсарту және ми белсенділігін арттыру үшін компьютерлік курстар, жанға жағымды, әдемі нәрсе жасау үшін тігін курстары ойластырылған. Әр үйірмені жеке мамандар жүргізеді. Оған қоса мұнда қариялармен жұмыс жасайтын психолог маманы да бар.
Орталыққа келушілердің бірі – Қаскелең қаласының тұрғыны Мейрамкүл Секерқызы. Ол орталық жайлы әлеуметтік желіден біліпті.
– Аталған мекеменің ашылуы жайында инстаграм парақшасынан байқаған едім. Келіп, орталықты көріп, курстардың кестесімен танысып, ұнаған соң келуді шештім. Кейіннен шынында өзім қатарластармен әңгімелесіп, қызықты курстарға қатыса бастаған соң, орталық екінші үйім секілді болып кетті. Мамандар да ілтипатты, ізетті. Жалпы, орталық ұнады. Бұрын үйде немерелерімді бағып отыратынмын, ал қазір өзіме уақыт бөлетін болдым. Үйірмелер қатарында волейбол, баскетбол ойнайтын, жүзумен айналысуға арналған бассейн болса дейміз. Әрине, бұл ғимараттың шағын болғанынан мүмкін емес екенін түсінеміз. Десе де, осындай жақсы бастаманы іске асырған Мадинамызға еліміздің жомарт азаматтары қолдау танытып, орталықты кеңейтуге көмек берсе деген тілегіміз бар. Өйткені, шындығында бұл орталық бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр, – деді зейнеткер.
Барлық қызмет тегін көрсетілетін орталыққа Қарасай ауданының зейнетке шыққан кез келген тұрғыны келе алады.
– Бүгінде орталықтың жұмысы ақырындап алға басып келеді. Бір-бірінен естіп, келіп жатқандар саны да артуда. Әрине, біз өз тарапымыздан олардың өздерін ыңғайлы сезінуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысудамыз. Дегенмен, қазіргі ғимаратымыздың шағын болуына байланысты ойымыздағы біраз нәрсені жүзеге асыра алмай отырмыз. Қазірдің өзінде бізде гантельдер, жүгіру жолы және тағы да басқа жаттығуға арналған құралдар бар, алайда айтып өткенімдей, оны қоятын орын жоқ. Біздің тараптан үлкенірек ғимарат іздестірілуде, алайда ол да қаражатқа байланысты болып отыр. Үлкен көмек болып отырғаны – орталықта сабақ беріп жүрген мамандар жалақысының ауданымыздағы «Мансап» орталығы арқылы берілуі. Бұл – үлкен жеңілдік.
Әрине, алдағы уақытта қолдау тауып немесе қаражат жағы шешіліп жатса, орталықтың жағдайын одан әрі жақсартатын боламыз. Қазір осы бағытта жұмыс істеудеміз, – деді сөз соңында «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Қарасай ауданы