Халқымыз ежелден көршімен қарым-қатынасқа ерекше көңіл бөлген. Көршінің парызы мен қарызына жауапкершілікпен қараған. «Көршіні Құдай қосады», «Адал көршісі бар алаңсыз ұйықтайды» деп топшылаған. Көршімен сыйластық – елдің сыйластығы, көршімен татулық – қоғамның татулығы деп білген.
Осы орайда, Мәдениет үйінде Кеген аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, аудандық ішкі саясат бөлімі және «YERKIN» өнер академиясы» жастар қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Іргесі жаққан менің көршім» байқауы мен биылғы жылды қорытындылауға байланысты «Үздік ауылдық округ аналар кеңесі – 2024» атты аналар кеңесінің қорытынды отырысы өтті. Аталмыш шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев және ауылдық аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Байқаудың мақсаты – ауылдың ынтымақ-бірлігін арттыру, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
Иә, көршілер қарым-қатынасының жанды өзегін өзара сыйластық, тілектестік, қамқорлық, сенім құрайды. Осындай жаны жайсаң, татулығы жарасқан 12 ауылдық округтен келген көршілер жұбы өз өнерлерін ортаға салып, төрт номинация бойынша бақтарын сынады. «Іргесі жаққан менің көршім» номинациясы бойынша көршілер өздерін таныстырса, «Көрші болсаң…» номинациясы бойынша өзара қарым-қатынастарын көрініс арқылы көрсетті. «Мақалды жалғастыр» номинациясы бойынша көршілер туралы мақалдың жалғасын тауып, сөз маржанын терсе, ал соңғы «Сыйластығымыз жарасар» үй тапсырмасында қолдан жасаған кәде-сыйларын бір-біріне тарту етті.
Байқауға қазылар алқасының төрағасы Сержант Жетпісбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Базаргүл Диханбаева, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Гүлназ Толонқызы, аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Бейқұт Бікебаева төрелік етті. Қазылар алқасы көршілердің бір-бірімен қарым-қатынасына, өзара сыйластығына баса назар аударды.
Қорытынды сөз алған қазылар алқасының төрағасы Сержант Жетпісбаев шараның басты мақсаты ұлтымыздың салт-дәстүрін жастардың бойына сіңіру екенін айта келіп, бұл игі шара әрбір ауылда жалғасын табу керектігін атап өтті. Сонымен «Іргесі жаққан менің көршім» байқауында әділқазылар шешімімен Бөлексаз ауылынан келген көршілер жұбы бас жүлдені жеңіп алды. Шырғанақ ауылынан келген көршілерге І орын бұйырды. Тұйық ауылынан келген көршілер ІІ орынды, Жылысай ауылынан келген көршілер ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздарға аудан әкімінің дипломы мен заттай сыйлығы табыс етілді. Байқауға қатысқан көршілердің басқа да жұптары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Шара барысында аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Биыл аналар кеңестерімен түрлі форматтағы іс-шаралар, оқушылармен, еңбек ұжымдарымен, аудан тұрғындарымен көшпелі кездесулер өткізілгенін айтты. Сонымен қатар кеңес жұмысы қорытындыланып, «Үздік ауылдық округ аналар кеңесі – 2024» атағына ие болған Тұйық ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Науша Сасықоваға бас жүлде мен ауыспалы кубок табыс етілді. Кеген ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Ғалия Сатаева І орынды, Жалағаш ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Нұргүл Қызайбекова мен Бөлексаз ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Ақымжанова ІІ орынды иеленсе, Шырғанақ ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Роза Батырханова мен Тасашы ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Сара Қасымханова ІІІ орын тұғырынан көрінді. Барлық округтегі аналар кеңесінің төрағаларына заттай сыйлықтар табысталды.
Шара соңы аудандық көркемөнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы