2014 жылы Қарасай ауданының Іргелі ауылына іргелес «Асыл арман» тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілген болатын. Қазіргі уақытта мұнда орналасқан 21 үйде 25 мыңнан астам тұрғын тіршілік кешуде. Кешен ашылған күннен бері және бүгінге дейін ең өзекті мәселе – мектептің жоқтығы болып отыр. Бір жылдары әупірімдеп басталғанымен, түрлі себептерге байланысты құрылыс ұзаққа созылып, сақалды кешенге айналған.
Жауапты адамдардың айтуынша, білім шаңырағын салу жұмысы 2021 жылы басталғанымен, құрылыс материалдары бағасының жиі көтерілуі және сметаны қайта есептеу қажеттілігі себепті жұмыс тоқтап қалған. Ал осы кешенде тұратын балалардың біразы Кемертоған ауылына қатынап оқуға мәжбүр. Аудан тарапынан оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылған. Дегенмен, мүмкіндігі бар ата-аналар өз балаларын Алматы қаласындағы мектептерге немесе лицейлерге апарып оқытуда.
Бір шетін оқиға болмаса, жайбарақаттыққа салынып жүре беретін әдетіміздің бары рас. Өткен жылдың қараша айында жеті жасар оқушының мектепке барар жолда көлік астына түсіп, қаза тапқаны үлкен кешенде мектеп салудың өзектілігін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Онда балаларды мектепке жеткізетін шағын автобустың жүргізушісі, кері жүріп бара жатып, баланы байқамай қағып кеткен болатын. «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне жақын жерде болған оқиға салдарынан жарақат алған бала сол жерде көз жұмды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, халық саны көп «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде өз мектебі болса, мұндай қайғылы жағдай болмас еді. Оның үстіне, 25 мыңнан аса тұрғыны бар кешенде бір білім шаңырағының салынбауы да түрлі ойға жетелейді. Осыған байланысты біз мектептің құрылыс алаңына барып, жекелеген жұмыстардың атқарылып жатқанына куә болдық. Бір қуанарлығы, қыс мезгіліне қарамастан, мұнда жұмыс толық қарқынмен жүруде. Бүгінде ғимаратты салу ісі 70 пайызға орындалып, қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған және терезелердің басым бөлігі орнатылған. Енді ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы мен аумақты абаттандыру қалып отыр. Жалпы алғанда, болашақ мектеп ғимаратының негізгі сұлбасы айқын көріне бастаған. Мектептің сыйымдылығы 2000 орынға арналған.
Тапсырыс беруші компанияның өкілі, «Advennto» ЖШС директоры Ержан Майлыбаевтың айтуынша, бұл үш қабатты заманауи білім беру мекемесі мектепке арналған бюджеттік қаржыландыру аясында салынуда. Құрылыс жұмысы пандемияның және құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты тоқтатылған көрінеді. Инвесторлармен келіссөз ұзаққа созылып, смета қайта есептелген.
Қазір құрылыс жұмысын тездету үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Облыс басшылығы да бұл мәселеге қолдау көрсетіп, тұрғын үй кешенінде білім шаңырағының мүмкіндігінше тезірек ашылуын қамтамасыз етуде.
Ержан Құрманәлиұлының айтуынша, ауа райы жылынған сайын жұмысшылар мен техниканың саны көбейеді. Қалай болғанда да, биыл көптен күткен бұл ғимаратты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Демек, жаңа оқу жылын «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі балалар үйлерінің маңында орналасқан жаңа мектепте қарсы алады деуге негіз бар.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы