Қонаев қалалық Мәдениет үйінде ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар одағы және Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеужан Ғұмаровтың «Алтын бесік» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Рухани шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған белгілі ақын-жазушылар, өнер иесінің әріптестері мен достары, Қонаев қаласының әдебиетсүйер қауымы қатысты. Кеш шымылдығы ақын өлеңдерінен тұратын сахналық қойылыммен түрілді. Ағаш бесік пен жер бесік арасындағы адам ғұмырының әр кезеңін бейнелеген, сол бір өмір белестеріне байланысты ұлтымыздың дүниетанымы мен әдет-ғұрпы айшықталған көрініс көрермен көңілін толқытты. Одан кейін Іле ауданы «Ақши» халық театрының әртістері ақын жырын нақышына келтіріп орындады. Бірі махаббат тақырыбын арқау еткен өлеңдерін мөлдіретіп оқыса, енді бірі туған жеріне арнаған туындыларын жатқа айтып, елді сүйінтті.
Бұдан кейін Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Алматы облысының Құрметті азаматы Ахмет Кендірбекұлы, ақын, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы жаңа кітаптың тұсауын кесіп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ең алдымен Мереке Әбдешұлы: «Ақсу – қазаққа аты мәлім қобызшы Молықбай, жыр жампозы Ілияс, сұлу сөздің иесі, ақын Сара сынды саңлақтардың туған топырағы. Осындай қасиетті жерден түлеп ұшқан Төлеужан Нүсіпжанұлы да поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылған ақын. Қаламгердің жаңа кітабы оқырмандарға рухани нәр сыйлайды деп сенемін», – дей келе, ақынды Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған төсбелгімен марапаттады. ҚР Мәдениет қайраткері Ахмет Кендірбекұлы мен облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев кеш иесінің адами болмысы мен кәсіби біліктілігін тілге тиек етті. Данияр Әлиев өнер иесіне аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің арнайы құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат көрсетті. «Төлеужан Ғұмаров – талантты ақын, дарынды сазгер ғана емес, өңіріміздің мәдениет саласын өрге сүйреп жүрген білікті маман, үздік ұйымдастырушы. Ол облысымыздағы руханият пен мәдениеттің қайта түлеуіне зор еңбек етті. Өнер иесі осы салада талмай тер төгеді деген сенімдеміз», – деді басқарма басшысы Данияр Абзалиденұлы.
Кеш барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Арайлым Рахымқызы, Сүйінбай атындағы облыстық филармония мен «Алатау әуендері» концерттік бірлестігінің өнерпаздары сазгер туындыларымен сахнаны сәнге бөледі. Сондай-ақ үзеңгілес дос-бауырлары да ақынның кешінде орта толтырып, оның шығармашылығына сәт-сапар тіледі.
Айте кетсек, Төлеужан Ғұмаровтың «Алтын бесік» кітабы облыс әкімдігінің қолдауымен қазақ-өзбек тілдерінде 1000 данамен жарық көрді. Кітапты өзбек тіліне Түркістан облысы Келес ауданы Т.Бегманова атындағы №8 жалпы орта мектеп мұғалімі, халықаралық «Миртемир» сыйлығының лауреаты Робия Дустанова аударған. Бүгінде Төлеужан Ғұмаров 60-қа жуық ән мен бірнеше өлеңдер жинағының авторы. Ол қазіргі таңда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мәдени шаралар, мониторинг және жоспарлау бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы