Өлең – кейде асау өзендей тасыған, кейде жайдақ судай жан дүниеңді жайлаған жарқын да жойқын әлем. Өлеңді жан дүниесімен сүйіп, өмірім деп түйгендер ғана бұл сұлу да сырлы әлемге бет түзейді. Жаны жырдан жаралған Ақсұңқар қыз да осынау өнердің бұлағынан қанып ішіп, биік шыңға шықты. Өр Алтайдан қуат алып, Алатаудың биік көгінде қырандай қалықтады. Жырдың алауын жақты.
Ақсұңқар Ақынбабаның атажұртына оралғанына биыл – 30 жыл. Осыған орай жер-жерде «Алтай мен Алатау арасы…» атты жеке шығармашылық әдеби-сазды кешін өткізуде. Өлеңге өзіндік өрнек салған талантты қазақ қызының еңбек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бастауының өзі – бізге үлкен мақтаныш! Одан кейінгі журналистік жолы «Ақ желкен», «Жалын» журналы, «Қазақ радиосы», «Шалқар» ұлттық арнасы, «Қазақстан» телеарнасында жалғасты. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, журналист, аудармашы Ақсұңқар Үсенқызы – әдебиет саласы бойынша «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері. «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау», «Жарылыс» (аударма) атты өлең жинақтарының авторы. Бүгінде түрік, өзбек, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне табысты аударуда.
ӨТІП КЕЛЕМ…
I
Жалыныңды түлете түс,
Отты Өлең?!
Он жетімде
Құстай ұшып жеткем мен…
Отыз бір жыл
Тау мен шұңқыр дейтұғын,
Өтіп келем асу-асу
Өткелден.
Қара өлең мен қалың елім,
Әуенім,
Бағым да осы,
Сорым да осы – Өнерім.
Ал, алыңдар!
Шашып-төгіп берейін,
Парызымды, қарызымды төлейін…
Керегімді көре алмайтын жауым бар,
Керегіне жарататын қауым бар,
Керегімді қазбалаймын, қазамын,
Керегіңе жаралғаным – ғажабым!
II
«Ағажайдай» – сахараның әні боп,
Жетісу мен Өр Алтайдың сәні боп,
Бірде ұшырып, бірде тұсап көктетіп,
Шеттеткенмен қарға тамыр қаның ед.
Ал, алыңдар!
Алғысыңды айтып ал,
Даңқың болып кетер
Даңқсыз дарындар…
Ойнайды әлі нажағайлар, сағымдар,
Әлі қанша жанартаулар жарылар,
Жауады әлі жаудырмаған жауындар!
Өтелмейтін бағасы жоқ құнымды ал,
Мұз астынан жарып шығар буымды ал,
Тармақтардан тамып өтер мұңымды ал,
Аманат қып алып жүрген Туымды ал.
Кезегім кеп қалғаннан соң
Тарихқа –
Тіл қатуға келгенімді ұғыңдар.
АЛАТАУҒА ҚАРАЙ БЕРЕМ
НЕГЕ МЕН?
Алатауға кімдер келіп кетпеді?
Алатауға кімдер мұңын төкпеді?
Алатаудан кімдер үлес алмады?
Алатауда кімнен күрес қалмады?!
Алатауда кімдер нелер айтпады?
Алатауға кімдер келіп қайтпады?
Алатаулар жер бетінде көп пе еді?
Білмейтұғын шектелуді, шектеуді,
Алатау ол – жалғыз ғой ол. Өктем-ді!
Кім болсаң да,
Жалғыз өзі бәріңді,
Құшағына сыйдырып ап аталы,
Қарсы алып та,
Қылғып та алып жатады.
Біз жүреміз сол жолдардан шыға алмай,
Алатаудың –
Құрсағынан туғандай,
Алатаудың
Ұшпағына шығардай,
Алатаудың
Құпиясын ұға алмай…
Алатаудың
Жыр ұясын қия алмай…
Келмей жатып Алатауға мен әлі,
Алып келген еді Әкем батаңды…
Сол батаның жетегімен келдім бе?
Тағдырымның жетегіне ердім бе?
Мен ол жағын біле алмаймын, білерім:
Алатаудың қонақтаған құзына
Өр Алтайдың Ақсұңқары атандым!..
Ұша-ұша қаны аққанша қанатым,
Талған кезде енді қайда бет алдым?
Мен кеткенмен, таудан-тауға қалықтап,
Жастығымды қарт Алатау ап қалдың…
Алтайыма кете алмай қалардай,
Қарайлаймын неге алаң-елеңмен?
Алатаудың шыңдарында ұйықтап,
Кетсем бе, мәңгілікке әлде мен?!
…Алатауға қарай берем неге мен?
Қап кетердей тастай алмас әлденем.
***
Жақсы көрем…
Мен көне шаһарларды,
Жалғыз ұшқан бір құсты аспандағы…
Түнді жара жарығы жер тепкілеп,
Келе жатқан алыстан отарбаны.
Жақсы көрем…
Мен ескі үйлерді де,
Бір кие бар…ескі үйдің сүреңінде.
Есіл-дертім далада жүретұғын,
Қалада осы мен өмір сүремін бе?
Жақсы көрем…
Қыстауда қар ұшқанын,
Ақшам түсе күн түнге ауысқанын,
Сәйгүліктер құйғыта жарысқанын,
Қиқулаған жанкүйер дауыстарын.
Жақсы көрем…
Жаңбырдың жылағанын…
Найзағайдың күркіреп тулағанын.
Қайта түлеп ұшқанын қырандардың,
Ұлы Таудан естілген Ұлар әнін.
Жақсы көрем…
Ал, кейде жауымды да,
Ұқтыратын керегін дауылдың да,
Кетіп бара жатқанда жалғыз өзім,
Тас қаланған
Қараңғы даңғылында.
Жақсы көрем…
Еһ…тағы нені, досым?
Жоқ түгендеп өте ме-ау,
Көңіл-қошым?
Жек көр, мейлі,
Жақсы көр,
«Жазмыш» деп,
«Жалған» деген ат қойған
Өмір осы.
***
Жалғыздық емес мендегі –
Бостан – Бағым!
Өлеңнің тігісімен астарландым.
Мендегі –
Қу тірліктен құтқарылу,
Оңашада – Оқшаулану!
Жалғыздықтың түрі көп жұрт білетін,
Дерті де көп жылатып, күлдіретін.
Оқшаулану деген ол – басқа әлем,
Білмейсіңдер дәл мендей Құдіретін!..
Жалғыз қалып көргем жоқ жер үстінде,
Жалғыз ұшып көрсем де өр үстіне.
Оқшау жүрдім. Ортадан оқшау кеттім,
Өмір сүрдім оңаша көп ішінде.
Оңашамын. Оқшаумын. Азат – Күнім,
Азаттықпен өтуде азап түнім.
Азат пенен Азаптың сөз басы «Аза»…
Меңгергенім сондықтан, азап тілін…
Тағдыр Уын өзгеден бөле ішкенім,
Бөліспей өмірдің көп белестерін,
Таңдауым ғой – жанымның оқшаулығын,
Кешіргенім жалғыздық емес менің!
***
Басқан сайын көзімнің ашылғаны-ай!
Кілең дұшпан ниеттің қосылғаны-ай,
Бірақ олар көбейе түскен сайын,
Күш-жігерім күшейіп тасынғаны-ай!
Көп сұрқылтай қосыла күлген сайын,
Көк ит біткен қосыла үрген сайын,
Мен де үдете беремін екпінімді,
Себебі оның не екенін білген сайын.
Алып Оттан таралған ұшқын барын,
Алып Жерден алатын күштің бәрін,
Алып Аспан тілімен сөйлесетін,
Айта салшы, бір рет,
Көк Тәңірім,
Мен тағдырдың
Дәл қайсы тұсындамын?!
***
Қандай ғажап есікті ашу Бақ кірген,
Құшақ-құшақ қуанышын ап кірген,
Тағдырымды тауқымет деп атаған,
Ей, Дүние!
Қателеспе!
Бақпын Мен!
Әр таң сайын оятатын отты үні,
Енді мені
Сарқылмайтын шаттығы,
Оқисыңдар парағынан тарихтың:
Жеңіп шыққан Рухы мен Мәрттігі!
Шараптар мен таситын у ішпейтін,
Енді мені биігінен түспейтін,
Көресіңдер арасынан күнде бір,
Бақ иісі аңқып тұрған гүлдердің.
Шындық деген жеңілмейтін сенім ол.
Түбі шындық жеңеді, дос, көңіл бөл,
Сол шындыққа қол жеткізген жеңіске,
Куә болғың келсе егер,
Мені көр…
***
Сен мені білмейсің, көрмейсің,
Іздесем, тым-тырыс көрдейсің,
Немесе тіріліп келмейсің!
Немесе біржола өлмейсің!
Сен мені бәрібір ұқпайсың,
Ішіме енсең де,
Сырттайсың,
Немесе тығылып бұқпайсың.
Немесе жанашыр тұтпайсың!
Қамалып, не естен шықпайсың.
Сен мені кешерсің, кешпессің,
Кешірмей кеткенде не істерсің?
Бәрібір жүректен көшпейсің,
Бәрібір құшақтап, өппейсің!
Қаншама жел соқты, су ақты,
Қаншама таң атып, күн батты,
Сенімен тартқызған сынақты,
Сенімен жаққызған шырақты,
Сенімен сөндірген және де,
Мың нәлет тағдырға тағы да,
Мың алғыс және де барыңа,
Дауылдан жалықтым, десе де,
Мен әлі ғашықпын жауынға.
***
Мен көктемді күтемін!
Көз жасымды сүртемін,
Қара боран – түтегін,
Қолдарыммен іркемін.
Ақпан келсе қар басқан,
Көктемімді ең соңғы,
Көрердей боп күтемін.
Көктемдерім алғашқы,
Оралардай күтемін.
Қанаттылар тізілген,
Жауһар шашқан ізімен,
Ұшардай боп күтемін,
Бар әлемді алдыма ап,
Бар адамды жаныма ап,
Ән салардай күтемін!
Өмір бойы күткенім,
Бір келердей күтемін,
Теңіздермен кеп жетер,
Кемелердей күтемін.
Күткендерім келгенін
Күллі әлемге айқайлап,
Жар салардай күтемін.
…Мен Көктемді күтемін!