Перейти к содержимому
Главная страница » Қонаевта «Парыз» конкурсына өтініш қабылдау басталды

Қонаевта «Парыз» конкурсына өтініш қабылдау басталды

Қонаев қаласында 2026 жылға арналған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсына өтінім қабылдау басталды. Конкурс әлеуметтік саланы дамытуға, еңбек жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және қайырымдылық бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жыл сайын өткізіледі. Оған жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.

Байқау екі кезең бойынша өтеді: өңірлік және республикалық. Жеңімпаздар шағын, орта және ірі бизнес өкілдері арасында анықталады.

Биыл конкурс төрт негізгі номинация бойынша ұйымдастырылады:

• «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын»;• «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын»;• «Үздік ұжымдық шарт»;• «Экологияға қосқан үлесі үшін».

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып жүрген кәсіпорындарға арналған «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы қарастырылған.

Конкурстың ең жоғары марапаты – корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік саласында жоғары нәтиже көрсеткен қатысушыға берілетін Гран-при.

Байқауға кемінде үш жыл жұмыс істеп келе жатқан, еңбек заңнамасын бұзбаған, жалақы бойынша қарызы жоқ және ұжымдық еңбек даулары тіркелмеген кәсіпорындар қатыса алады.

Қатысу үшін өтінім, анкета, әлеуметтік жауапкершілік саласындағы қызмет туралы есеп және қосымша құжаттар тапсыру қажет.Өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.

Құжаттар Enbek.kz порталы арқылы немесе Қонаев қаласы, «Бәйтерек» бизнес орталығы, 41-ғимарат, 48-кабинет мекенжайындағы «Қонаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-де қабылданады.

Қосымша ақпарат алу үшін 8 702 627 00 28 телефонына хабарласуға болады.